Барлық сұрақтар комиссиялық түрде шешілуде

Барлық сұрақтар комиссиялық түрде шешілуде

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Астрахан ауданында азаматтарды қабылдады.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітовтің қатысуымен азаматтарды бірлесіп қабылдау «Құқық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Жобаның басты мақсаты – су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына заңгерлік және өзге де кеңес беру. Сондықтан қабылдауға нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушысы, әділет органдарының, жылжымайтын мүлік орталығының және ауданның басқа да қызметтерінің мамандары шақырылды.

Аудан орталығы – Астраханка ауылында 15-ке жуық адам қабылданды, Старый Колутон ауылына қайықпен жетуге тура келді, онда адамдар саны көп болды. Еңбек ауылында да зардап шеккендер бар, онда су басқан тоғыз үйдің алтауы тұруға жарамсыз деп танылған.

Аудан әкімі Т. Ерсейітов зардап шеккендерге мәселені шешудің әртүрлі нұсқалары ұсынылатынын айтты: жаңа үйлер салу, дайын тұрғын үйлерді сатып алу.

«Әрине, екінші нұсқа жақсырақ, өйткені жаңа үйлер салу үшін көп қаражат пен уақыт қажет. Бірақ соңғы оқиғаларға байланысты ауданда жылжымайтын мүлік бағасының өткен жылмен салыстырғанда бір жарым-екі есе өсуі байқалады. Әлбетте, үйлерді сатып алу кезінде мүлікті тәуелсіз бағалау жүргізіледі, барлық мәселелер комиссиялық түрде шешілетін болады.  Мемлекеттен көмек барлығына, тіпті үйлері дұрыс ресімделмеген адамдарға да көрсетіледі.  Зардап шеккендердің құқық белгілейтін құжаттарын қалпына келтіру қатар жүргізілетін болады», – деп атап өтті Б.Жүсіпов.

 Жалпы, мәслихат төрағасының айтуынша, аудандағы ахуал тұрақты, халық жағдайға түсіністікпен қарап, барлық мәселелер рет-ретімен шешілуде. Зардап шеккендердің басым бөлігі  100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды, қалған өтінімдер қарау сатысында. Сонымен қатар, олардың барлығы ауданға келіп түскен гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етілген.

Білікті заң көмегін алғаннан кейін ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы және өкілді органдарға қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын айтып, қиындыққа тап болған адамдардың барлығы назардан қалмайтынына сенім білдірді.