Көкшетауда Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясы өтті

Көкшетауда Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясы өтті

Көкшетау қаласында Бейбіт Жүсіповтың төрағалығымен Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясы өтті. Сессия жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, облыстық басқармалардың басшылары және мәслихат депутаттары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде өңір тұрғындарын әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау және облыстық мәслихаттың бұрын қабылдаған шешімдеріне өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе - Ақмола облысының жекелеген санаттағы азаматтарына амбулаториялық емделу кезінде кепілдік берілген тегін медициналық көмектің қосымша түрлерін ұсыну туралы. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Нариман дәрілік заттармен, мамандандырылған емдік өнімдермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сөз сөйледі.

«Аталған өзгерістерді енгізу қажеттілігі, ең алдымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктері жеткіліксіз болып отырған ауыр, сирек және созылмалы аурулары бар пациенттерді қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты», – деп атап өтті Ермек Нариман.

Шешім жобасында нақты пациенттерді дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге арналған жаңа позициялар енгізіліп, қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес қолданыстағы тізбе өзектендіріледі.

Қазіргі уақытта «Гипофосфатемиялық рахит» диагнозы бар пациенттерге арналған препараттарды сатып алу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа медициналық стандарт пен қолданыстағы қағидаларға сәйкес дәрілік препараттармен қамтамасыз ету әр пациенттің медициналық құжаттамасы негізінде жүзеге асырылады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесін қызметінен босатуға қатысты болды. Сондай-ақ «Ақмола облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күшін жою туралы» мәселе қаралды. Бұл бағыттағы ақпаратты Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев ұсынды.

Талқылау барысында депутат Айдын Төребаев қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсер үшін төлемақы мөлшерлемелерінің артуына қатысты мәселені көтерді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова депутаттарға азаматтардың, оның ішінде балалардың қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларды қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Сессия барысында қаралған барлық шешім жобалары депутаттардың қолдауына ие болды.