Жиынды мекеме басшысы Қуаныш Шақшақов ашып, жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Халықтық Конституция елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға бағытталған.
Басқосуда Конституция қағидаларын кеңінен насихаттау, құқық үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың алдағы уақытта құрылатын Халық кеңесі жұмысына қатысуы, қоғамдық ықпалдың заңнамалық бастамалар арқылы күшеюі сөз болды.
Жиында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Еркін Сейітов, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов, Қазақстан корейлері қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы Жанна Син, Аналар кеңесінің мүшесі Бақытжан Айдосова, білім саласының өкілі Нұрсәуле Мұратқызы, «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі, Аналар кеңесінің мүшесі Анар Аяпбергенова және Журналистер клубының мүшесі Вероника Бурда баяндама жасады.
Спикерлер Конституцияның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне, отбасы құндылықтарын нығайтуға, сапалы білім мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау, ақпараттық кеңістікте жауапкершілікті арттыру қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституция қағидаларын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық институттардың белсенділігін арттыру бағытында бірлескен іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.