Депутаттар денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады

Депутаттар денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады

Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағыттары мен саладағы өзекті мәселелер қаралды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру және медицина кадрларын тарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Сонымен қатар депутаттар кешенді шешімді қажет ететін бірқатар түйткілдерге назар аударды. Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы, денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу, тұрғындарды заманауи медициналық жабдықтармен және қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді.

Комиссия отырысында ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі мен жүйелі шешімдердің болмауы денсаулық сақтау саласының тұрақтылығына кері әсер етіп отырғаны айтылды. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыстағы медициналық ұйымдардың жиынтық кредиторлық берешегі 7 млрд теңгеден асып, жыл басынан бері 2 млрд теңгеге ұлғайған.

Соған қарамастан өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында Көкшетауда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 332 млрд теңге болатын 630 орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысы, Қосшы қаласында 350 орындық көпбейінді аурухана салу (27,8 млрд теңге), Сандықтау ауданындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын дамыту және аудандық, ауданаралық ауруханаларды күрделі жөндеу жобалары бар.

Дегенмен дәрігер тапшылығы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде облысқа 190 дәрігер қажет, оның ішінде 125 маман ауылдық жерлерге, 65 маман қалаларға керек. Әсіресе акушер-гинеколог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, онколог, терапевт және шұғыл медицина дәрігерлеріне сұраныс жоғары.

Кадр тапшылығын азайту үшін мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірге 57 медицина қызметкері, оның ішінде 23 дәрігер келген. Жыл соңына дейін мемлекеттік және өңірлік гранттар бойынша білім алған тағы 168 жас маман жұмысқа орналасады деп күтілуде.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау да күшейтілді. Облыстық мәслихат шешімімен біржолғы көтерме төлем көлемі қалаларға келген дәрігерлер үшін 5 млн теңгеге, ауылдық жерлерге барған мамандар үшін 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұған дейін бұл төлемдер тиісінше 2,5 млн және 5 млн теңгені құраған.

2026 жылдың басынан бері 17 дәрігерге жалпы сомасы 130,5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Сонымен қатар мамыр айында жалпы құны 489,5 млн теңгені құрайтын 58 дәрігердің өтініші қаралған.

Отырыс қорытындысында депутаттар денсаулық сақтау басқармасына медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды ұсынды.