Облыстық мәслихат депутаттары денсаулық сақтау нысандарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Облыстық мәслихат депутаттары денсаулық сақтау нысандарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының алдағы отырысына дайындық аясында комиссия төрағасы Саят Сыздықов, облыстық мәслихат депутаттары Алмаз Мұхамедьяев пен Айдын Төребаев Ақкөл және Шортанды аудандары мен Қосшы қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапарға облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Серік Сахиев те қатысты.

Жұмыс барысында депутаттар Ақкөл және Шортанды аудандық ауруханаларында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Қосшы қаласында «VIAMEDIS» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңа көпбейінді облыстық аурухананың құрылысымен танысты.

Ақкөл аудандық ауруханасында жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде негізгі демонтаж жұмыстары толық аяқталып, инженерлік желілер тартылған. Қазіргі таңда жылыту, желдету, электрмен жабдықтау жүйелерін орнату және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу кезеңінде.

Шортанды аудандық ауруханасында құны 949,9 млн теңге болатын күрделі жөндеу жобасы іске асырылуда. Жоба аяқталғаннан кейін аурухана 131 төсек-орынға есептеліп, емхана бір ауысымда 300 адамға дейін қабылдайтын болады. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу, электрмонтаждау және инженерлік жұмыстар жалғасуда.

Жұмыс сапары барысында Қосшы қаласында салынып жатқан жаңа көпбейінді облыстық ауруханаға ерекше назар аударылды. Жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында стационар, бір ауысымда 1000 келушіге арналған емхана, өзге өңірлерден келетін пациенттерге арналған пансионат және медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салынуда. Қазіргі уақытта стационар құрылысының дайындығы 80 пайыздан асты. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланған.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша депутаттар құрылыс және жөндеу жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтіп, нысандарды уақытылы әрі сапалы пайдалануға беру үшін жұмыстың қарқыны мен сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.