Мәслихат төрағасының Домбыра күнімен құттықтауы

Мәслихат төрағасының Домбыра күнімен құттықтауы

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

Сіздерді ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы, халқымыздың рухани мұрасын ұлықтайтын ерекше мереке - Домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет», - деп айтқан еді.

Домбыра - халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген төл өнері мен тағылымды тарихының айнасы. Оның қоңыр үні қазақ даласының кеңдігін, елдің мұңы мен қуанышын, ерлік пен өрлікке толы шежіресін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Қос ішектен төгілген әрбір күйде халқымыздың дүниетанымы, болмысы мен рухы көрініс табады.

«Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек», - деді Ел Президенті Парламент палаталарының бірлескен тарихи отырысында.

Осы бағытта Ақмола облысында күй өнерін насихаттау, домбыра үйірмелері мен шығармашылық ұжымдардың жұмысын қолдау, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру ісі жүйелі түрде жалғасуда.

Алдағы уақытта да ұлттық өнерді дамытуға, домбыра мәдениетін кеңінен насихаттауға, жас таланттарды қолдауға және дәстүрлі музыкаға арналған түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға баса назар аударылатын болады.

Осы мерекелі күні әр шаңыраққа амандық пен татулық, бақ-береке мен молшылық тілейміз. Еліміздің рухани байлығы артып, ұлттық өнеріміз өркендей берсін!

Домбыраның қоңыр үні мәңгілік жаңғырып, халқымыздың асқақ рухын биіктете берсін!

Бейбіт Жүсіпов,

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы