Депутаттар «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыруды және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелерін қарады

Депутаттар «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыруды және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселелерін қарады

Аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, «KOKSHE» ӘКК және аграрлық несие корпорациясының «Ауыл Аманаты» жобасының іске асырылу барысы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі жұмысы туралы ақпаратын тыңдады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Ілияс Жүсіповтың ақпараты бойынша, 2023 жылдан бастап облыста ауыл халқының табысын арттыруға және ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл Аманаты» жобасы іске асырылуда. Оны іске асыруға 2023-2026 жылдары 13,9 млрд теңге қарастырылған.

2026 жылғы 26 мамырдағы жағдай бойынша 4,08 млрд теңге сомасына 463 микрокредит берілді, оның ішінде 308 - мал шаруашылығын дамытуға және 155 - басқа да бизнес-жобаларды іске асыруға. 1,26 млрд теңге сомасына 49 ауылдық өндірістік кооператив қаржылай қолдау алды. Өңірде Ерейментау ауданында ет кластерін құру жөніндегі зәкірлік жобаны қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауылдық кооперацияны дамыту жөніндегі жобалар да іске асырылуда.

Отырыс барысында ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс нәтижелері қаралды. 2022-2025 жылдары мемлекет меншігіне 780,7 мың гектар қайтарылды, оның 97,7% - ы қайта бөлінді. 2026 жылға жерді қайтару жоспары 90 мың гектарды құрайды, бүгінгі таңда 54,9 мың гектар немесе жоспардың 61% қайтарылды.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Ауыл аманаты» жобасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамытуды, бағдарламаға әлеуетті қатысушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне маусымдық дала жұмыстарының ерекшеліктерін ескере отырып, Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жолдау ұсынылды. Қолданыстағы қағидалар егін жинау науқаны кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың ерекшеліктерін ескермейді. Бұл кезеңде жүк көліктері тәулігіне 5–6 және одан да көп рейс жасап, түнгі уақытта да жұмыс істейді.

Жер ресурстарын басқару департаментіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау, мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ олардың ұтымды әрі тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту ұсынылды.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы Әбілқайыр Ошақбаев қаралған мәселелердің өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.