
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары Руслан Шамкенов пен Саят Сыздықов «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КЕАҚ ректоры Марат Сырлыбаевпен және «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ҒЗЛ басшысы Дмитрий Лепешевпен кездесті.
Осы университеттің түлектері болып табылатын халық қалаулылары облыстық мәслихат атынан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың психологиялық күйіп қалуы: қауіп факторлары және алдын алу» тақырыбында кешенді ғылыми зерттеу жүргізу үшін 500 мың теңге сомасына сертификат табыс етті.
Бұл бастама депутаттардың Көкшетау қаласындағы аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларды қолдау орталығына және елордалық «Доктрина-Азия» клиникасына жасаған сапарынан кейін басталған жұмыстың жалғасы болды. Сапарлар қорытындысы бойынша сәуір айының басында облыстық мәслихат депутаттарын, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандарын, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдерін біріктірген «Инклюзивті орта: аутизмнің ерте алдын алу және кешенді қолдау» атты дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында қатысушылар инклюзивті білім беруді дамыту, нейроәртүрлілікті қолдау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізудің маңыздылығын талқылады. Сол кезде Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Руслан Шамкенов осы бағыттағы зерттеу жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген болатын.
Дмитрий Лепешев депутаттарға зертхананы қолдағаны және жобаны қаржыландырғаны үшін шын жүректен алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол инклюзивті білім беру саласында зерттеулер жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызатын университет басшылығының көмегін атап өтті және одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.
Мамандардың айтуынша, Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады, оның 2 мыңға жуығы мүгедек. Мыңнан астам бала аутизм спектрінің бұзылуымен байланысты қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесуде қиындықтарға тап болады.
2020 жылдан бастап өңірде аутизмі бар және психореческий дамуы тежелген балаларды әлеуметтік бейімдеу, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және түзету бойынша қызметтер көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылуда. Қазіргі уақытта бұл қолдаумен 55 бала мен жасөспірім қамтылған.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары өңірдің әлеуметтік маңызды бастамаларын қолдағандары бірінші рет емес. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударады.