Депутаттар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 650 үй сатып алуды қолдады

Депутаттар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 650 үй сатып алуды қолдады

2026 жылғы 14 сәуірде Ақмола облыстық мәслихатының сегізінші  шақырылымдағы кезектен тыс 29 сессиясы өтті.

Отырыста депутаттар Ақмола облыстық мәслихатының алдағы үш жылға арналған облыстық бюджеті туралы шешіміне өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Өзгерістер «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның өтініші негізінде мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жүргізуге байланысты енгізілді.

Баяндаманы Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова жасады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жоспарына сәйкес, 2026 жылы Ақмола облысына екі жыл мерзімге жылдық 0,35% мөлшерлемемен шамамен 10,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарудан түскен қаражат әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 650 тұрғын үй сатып алуға бағытталады. Баспаналар Аршалы, Атбасар, Бурабай, Бұланды, Ақкөл және Жарқайың аудандарынан сатып алынбақ.

Алмагүл Шүгірмақованың айтуынша, бұл тетік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуды жеделдетуге, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және биыл облыстық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Депутаттар ұсынылған өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар талқылау барысында тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.

Депутат Айдын Төребаев Қосшы қаласындағы мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Әбілқайыр Ошақбаев ауылдық жерлерге жұмысқа келетін мамандарды қолдау мәселесіне тоқталып, ауылдық елді мекендерде тұрғын үй беру бағдарламаларының бар-жоғын сұрады.

Дуанбай Ыбырай ауылдардағы бос тұрған ғимараттар мен залдарды ауыл жастарының бос уақытын ұйымдастыру мақсатында пайдалану мүмкіндігін нақтылады.

Сұлтанбек Бекешев «Ақмола жастары» жобасын еске салып, өңір жастарына тұрғын үй беру бағдарламасының қашан жалғасатынын сұрады.

Көтерілген барлық мәселелер салалық ведомствоның назарына алынды.

Сессия соңында тиісті шешім қабылданды.