
Мәслихатта Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Ақмола облысындағы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьянов баяндады. Қосымша баяндама жасағандар қатарында Ішкі істер департаменті, экология департаменті және өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитетінің «Севказнедра» геология департаментінің өкілдері болды.
Өңірдің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Ақмола облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге 69 лицензия беріліп, 112 келісімшарт жасалған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбалар бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және инфрақұрылымды дамытуға аударған қаражаты 126,5 млн теңгені құрады, ал пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша түсімдер - 843,5 млн теңге.
Инфляцияға және бұрын белгіленген міндеттемелерді қайта қарауға байланысты басқарма Ақмола облысы әкімдігі жанындағы сараптамалық комиссиялардың отырыстарында жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдарын ұлғайту бастамасын көтеруде.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2025 жылы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Құқық бұзушылықтар Аршалы, Бурабай және Целиноград аудандарында тіркеліп, материалдар полицияға жолданды.
Ағымдағы жылы заңсыз өндіру фактілерін анықтау жұмыстары облыс аудандарына шығу барысында жалғастырылатын болады.
Талқылау барысында депутаттар пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беру кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және инфрақұрылымды дамытуға қатысу жөніндегі міндеттемелерін бекіту тетіктері туралы нақты ақпарат сұрады.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына мемлекеттік органдармен бірлесіп карьерлер мен жер қойнауын пайдаланушылар бойынша деректерді цифрландыруды жалғастыру, сондай-ақ маркшейдерлік қызметтер көрсетуге ҰАО-ға айрықша құқық беру мәселесін пысықтау ұсынылды.
Аудан және қала әкімдіктеріне қоғамдық тыңдауларда қабылданған жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерінің орындалуын бақылауды күшейту ұсынылды.
Полиция департаментіне мүдделі органдармен бірлесіп жер қойнауын пайдалану саласындағы істерді тергеу бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлеу ұсынылды.