
Бүгін Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында дене шынықтыру және спортты дамыту сұрағы талқыланды.
2023–2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ осы саланы дамытудағы қағидаттар мен тәсілдерді одан әрі жетілдіру туралы Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин баяндап берді.
Ардақ Болатұлының айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен айналысатындар саны - 343 580 адам (оның ішінде ауылдық жерде – 153 300 адам), бұл халықтың 43,6%-ы (жоспар – 42%). Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13,8 мың адамға немесе 4,2%-ға артқан.
Облыста спортпен шұғылдануға арналған 1175 нысан бар (оның 652-сі ауылда). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51 нысанға немесе 4,5%-ға көп. Спорт нысандарымен қамтылу деңгейі – 70,8%.
2025 жылы бірқатар маңызды нысандар пайдалануға берілді: Зеренді ауылындағы спорт мектебі, 2 спорт кешені, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 ангар типтес және 2 мәдени-спорт кешені.
Қабылданып жатқан шаралар спортқа қолжетімділікті арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және халықты, әсіресе балалар мен жастарды жүйелі түрде спортпен айналысуға тартуға бағытталған.
Сонымен қатар, бірқатар мәселелер де бар: облыстың 41 мектебінде спортзал жоқ, кейбір балалар ақылы үйірме мен спорт секцияларына қатыса алмайды.
Қазіргі уақытта damubala.kz платформасында 229 жеткізуші тіркелген, оның 113-і қызмет көрсетеді. 2025 жылы 10 мыңнан астам бала қамтылды, бірақ әлі де 8 мыңға жуық бала ваучер кезегінде тұр.
Депутаттар «Бурабай» спорт сарайының жағдайы, Ерейментау ауданындағы стадионды жөндеу, Көкшетаудағы «Болашақ сарайының» жазғы жұмыс тәртібі және Астрахан ауданындағы Жалтыр спорт мектебіне көлік беру мәселелерін көтерді.
Барлық көтерілген сұрақтар назарға алынып, тиісті органдарға ұсыныстар жолданатын болды.