Көкшетауда кезектен тыс сессия өтті

Көкшетауда кезектен тыс сессия өтті

Осы жылғы 14 сәуірінде Көкшетау қаласында Бейбіт Жүсіпов төрағалығымен Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова, сондай-ақ салалық ведомстволардың басшылары қатысты.

Күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелер енгізілді. Атап айтқанда, Ақмола облыстық мәслихатының «2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер қаралды. Осы мәселе бойынша Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ибикенов баяндама жасады.

Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов комиссияның жаңа мүшесін таныстырды.

Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев депутаттардың қарауына облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою, сондай-ақ өңірде жалпы су пайдалану қағидаларын бекіту мәселелерін ұсынды.

Депутаттар халықтың су айдындарына қолжетімділігі мәселесіне ерекше назар аударды. Талқылау барысында жекелеген кәсіпкерлердің жағажайлар мен демалыс аймақтарын пайдаланғаны үшін ақы алатыны көтерілді. Сонымен қатар, көлдер мен өзендердің жағалау аймақтарын күтіп ұстау және пайдалану үшін қандай ұйымдар жауапты екені талқыланды.

Отырыста депутаттар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп табиғат қорғау аймақтарын пайдалану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастамашылық етті. Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдарды, ұлттық паркті, табиғат қорғау прокуратурасын және бұқаралық ақпарат құралдарын тарту ұсынылды.

Сессия қорытындысы бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.