Депутаттар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелерін талқылады

Депутаттар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелерін талқылады

Облыстық мәслихатта экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Комиссия мүшелері туристік қызметтерге, «Наурыз Сейлс» республикалық акциясына және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар сұрақтарды көтерді.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин депутаттарды тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы хабардар етті.

«Өткен жылдың басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ақмолалықтардан шамамен 900 өтініш түскен. Оның 83%-ы қанағаттандырылған. Тұтынушыларға 80 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Көптеген азаматтар электрондық сауда саласында тауар сапасының сәйкес келмеу мәселесіне тап болуда», - деді ведомство басшысының орынбасары.

Отырыс барысында депутат Руслан Шамкенов туристік қызметтер мәселесін көтерді. Демалыс орындарына өз тамағы мен сусындарын алып кіруге бола ма, сондай-ақ егер демалысқа бара алмаса, алдын ала төленген қаражатты қалай қайтаруға болады деген сұрақтар талқыланды.

«Туристік қызметтер мен коммерция мәселесіне жеке тоқталуға болады. Біз туризм және спорт басқармасымен тығыз жұмыс істейміз, туризммен айналысатын тұлғаларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер адам күтпеген жағдайларға байланысты демалысқа бара алмаса, төленген қаражат тұтынушыға қайтарылуы тиіс. Алайда осы бағытта жұмыс істейтін кейбір кәсіпкерлер қаражатты қайтармайды», - деп түсіндірді Самат Сайдалин.

Екінші мәселе 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылуына қатысты болды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Батыржан Әбілпейісов өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жүргізіліп жатқан және жоспарланған шаралар туралы баяндады.

2025 жылдың қыркүйегінде ведомство мамандары үш жылға арналған қоршаған ортаны қорғау жоспарын бекітті. Жоспарға атмосфералық ауаны қорғау, су объектілерін сақтау, қалдықтарды басқару және басқа да бағыттар кіреді.

Сонымен қатар депутаттар Есіл өзенін кеңейту және тереңдету, Жібек жолы кентіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.

Отырыс белсенді талқылау форматында өтті: депутаттар пікір алмасып, бірқатар ұсыныстар енгізді. Барлық мәселелер бақылауға алынып, тиісті ұсынымдар қабылданды.