Депутаттар денсаулық сақтау мәселелерін талқылады

Депутаттар денсаулық сақтау мәселелерін талқылады

Сессия қарсаңында өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысы денсаулық сақтау мәселелеріне арналды. Кадрлық қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, «Дипломмен ауылға!» жобасын іске асыру және сирек кездесетін аурулары бар пациенттерді қосымша дәрілік қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 177 дәрігер (оның ішінде 121-і ауылдық жерде) және 249 орта буын медицина қызметкері жетіспейді. Жыл басынан бері 256 маман тартылды, 2026 жылғы түлектер есебінен кадрлар санының артуы күтілуде.

Өңірде әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда: көтерме жәрдемақылар төленеді, ауылдық жерлердегі аса тапшы мамандықтарға қосымша төлемдер қарастырылған, тұрғын үй және тұрғын үй несиелері беріледі.

2025 жылы 140 дәрігерге жалпы сомасы 587,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Ауылдық жерлердегі аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көлемінде қосымша төлем көзделген.

Жергілікті атқарушы орган гранттары есебінен кадрларды даярлау бағдарламаларын іске асыру және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жалғасуда. Қазіргі уақытта 333 адам білім алуда, 2026 жылы 77 маманның оқуын аяқтауы жоспарланып отыр.

Отырыс барысында комиссия мүшелері жаңа денсаулық сақтау нысандарын - ауруханалар, ауылдық дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пункттерді салу мен пайдалануға беру жағдайында кадрлық саясатты күшейту қажеттігін атап өтті.

Депутаттар сондай-ақ кадр тапшылығы мен медицина қызметкерлерінің аудандар бойынша теңсіз бөлінуі, түлектердің жұмыс орнына бармауы және мамандардың көші-қоны мәселелері әлі де өзекті екенін айтты. Халық қалаулысы Нұрлан Жаров жергілікті жерлерде кадрларды тарту және бекіту бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті. Осы мәселе бойынша басқа депутаттар қолдау білдірді.

Сонымен қатар, ауыр және орфандық аурулары бар пациенттерді бюджет қаражатын қайта бөлу есебінен тегін дәрілік заттармен қосымша қамтамасыз ету мәселесі қолдау тапты. Тиісті шешім жобасы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қарауына енгізілді.