Мәслихатта бюджеттік өзгерістер мен әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды

Мәслихатта бюджеттік өзгерістер мен әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды

Бейбіт Жүсіпов төрағалығымен 2026 жылғы 3 наурызда Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 26-сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасады. 2026 жылы облысты қаржыландыру мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу арқылы 6,2 млрд. теңге көлемінде қарастырылған.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жүргізу үшін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ өтінішхаты негізінде 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу ұсынылды.

Бағалы қағаздарды орналастырудан түсетін қаражат Көкшетау қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 381 тұрғын үй сатып алуға бағытталмақ. Атап айтқанда, көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, табысы төмен отбасылар және апатты тұрғын үйде тұратын азаматтар қамтылады.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл тетік кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үдерісін жеделдетуге, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және биылғы әрі келесі жылдардағы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек «Ақмола облысының жекелеген санаттағы азаматтарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдер мен медициналық бұйымдарды қосымша ұсыну туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін ұсынды. Өзгерістер өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің және дәрі-дәрмекпен қамтудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу мәселесі бойынша облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сабитова баяндады.

Сонымен қатар, депутаттар елді мекендер аумағында жер учаскелерін жеке меншікке берген кезде базалық төлем ставкаларын өзгерту, облыс әкімдігі жанындағы жер комиссиясының дербес құрамын және оның Ережесін бекіту мәселелерін қарады. Әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жаңартылған құрамдары келісілді, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау туралы шешімге өзгерістер енгізілді.

Сессия барысында депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, Әбілқайыр Ошакбаев агроөнеркәсіп кешеніндегі салық жүктемесін төмендету жөнінде бастама көтерді. Ал Бауыржан Сүлейменов пен Құралай Джұмабекова жекелеген санаттағы азаматтарды тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету шараларын кеңейтуді ұсынды. Дәрі-дәрмек сатып алуға өтінімдерді қалыптастыруда нақты әрі адрестік тәсілді, халықтың шынайы қажеттілігін ескеруді қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ, жастар көп жиналатын облыстағы саябақтардың бірінің қызметі қаралды. Депутаттар Нұртас Ахат пен Дуанбай Ыбрай аумақты күтіп-ұстау, абаттандыру және жасыл желектерге тиісті күтім жасау бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығына назар аударды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.