
Ақмола облыстық мәслихатында аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Жиында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Мал шаруашылығын субсидиялау тақырыбында Ілияс Жүсіпов - Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары баяндама жасады. Қосымша баяндамашылар ретінде ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бексұлтанова сөз сөйледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,19 трлн теңгені құрады (2024 жылмен салыстырғанда +15,9%). Өсім негізінен өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген (+20,7%), ал мал шаруашылығындағы өсім небәрі 4,8% болды. Депутаттар саладағы төмен қарқын, мал басының азаюы, асыл тұқымды мал шаруашылығын жеткіліксіз қаржыландыру және шаруашылықтардың берешегі мәселелерін атап өтті. Сондай-ақ субсидияларды тиімді әрі нысаналы пайдалану қажеттігіне назар аударылды.
Ветеринариялық қызмет тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және бір миллионнан астам басқа диагностикалық зерттеулер жүргізу қамтамасыз етілгені, эпизоотиялық жағдайдың тұрақты екені айтылды. Сонымен қатар облыс аудандарында мамандар тапшылығы сақталуда.
Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшіне, оның ішінде маусымдық жұмысшыларға квота бөлу мәселесі қаралды. Квоталарды жоспарлау және бөлу тетігін жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша салалық басқармаларға бірқатар ұсынымдар берілді. Атап айтқанда, субсидиялау қағидаларын жетілдіру, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын қолдау, ветеринариялық станцияларды оңтайландыруды уақытша тоқтату, Қосшы қаласындағы шаруашылықтардың қажеттіліктерін бағалау және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бойынша ақпараттық жұмысты күшейту ұсынылды. Ұсынымдардың орындалуын бақылау мәслихаттың бейінді комиссиясына жүктелді.