
Достық үйінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Жиынға қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы, депутаттар, сарапшылар, партия мүшелері және өңірдің белсенді азаматтары қатысты. Қатысушылар жобаға қатысты сұрақтарын қойып, жекелеген нормаларды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов сөз сөйлеп, кәсіпкер әйелдердің өңір экономикасын дамытудағы және азаматтық қоғамды нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды. Ол кәсіпкерлік саласына, шағын және орта бизнесті қолдауға, отбасы институтын қорғауға, білім беру және әлеуметтік саясат бағыттарына қатысты негізгі өзгерістерді кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Баяндамашы конституциялық реформалардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарын дамыту, сондай-ақ мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыру екенін атап өтті.
Талқылау барысында қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында конституциялық бастамаларды табысты жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуы аса маңызды екені атап өтілді.