
Бүгін Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Егіндікөл ауданының жұртшылығымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру және оның негізгі ережелерін талқылау мақсатында кездесу өткізді. Аталған жұмысқа өңірлік коалиция мүшесі, Егіндікөл ауданы тұрғындарының мүддесін қорғаушы, облыстық мәслихат депутаты Әбілқайыр Ошақбаев та қатысты.
Жұмыс сапары «Егіндікөл аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК ұжымымен кездесуден басталды. Әңгіме барысында Негізгі заңның әлеуметтік бағыттылығы, азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер және өкілді билік институттарының рөлі талқыланды. Медицина қызметкерлері белсенділік танытып, сала мамандарын әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Аудандық аурухананың хирург-дәрігері Темір-Болат Тасқынбай денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту мәселесін көтеріп, жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді.
Кездесу бұдан әрі аудан әкімдігінің ғимаратында жалғасты. Талқылауға аудандық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Ашық диалог форматында демократиялық қағидаттарды нығайтуға, өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейтуге және мемлекеттік құрылымдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұсынылған өзгерістер қаралды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсайын Әубәкіров жұртшылық атынан алдағы референдумға қатысты өз көзқарасын білдірді. Ауданның қоғамдық пікір көшбасшысы ретінде ол еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде қатысып келеді.
Жұмыс сапары сындарлы жағдайда өтті. Аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытып, өзара сенім мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.