Депутаттар аграрлық-өнеркәсіптік секторды қаржыландыру мәселелерін талқылады

Депутаттар аграрлық-өнеркәсіптік секторды қаржыландыру мәселелерін талқылады

Экономика және бюджет жөніндегі комиссия отырысының қорытынды мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов тыңдалды. Ол Ақмола облысының АӨК саласын мемлекеттік қолдаудың қабылданып жатқан шаралары туралы баяндап берді.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы жемісті болды: ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы алғаш рет 1 трлн 194 млрд теңгеге жетті. Мұндай жоғары көрсеткіш рекордтық өнім алу мен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

 Жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мемлекеттік қолдаудың жан-жақты шаралары ықпал етті. Бірақ бұған қарамастан, саланы жыл сайын жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кредиторлық берешек қалыптасты, оны төлеу 2026 жылғы қаржыландыру есебінен ағымдағы жылдың 1-тоқсанында жүзеге асырылатын болады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдаумен толық қамту және жаңа өтінімдерді төлеу мақсатында басқарма орталық мемлекеттік органдармен республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде қосымша қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізетін болады.

       Депутаттарға жолдаған сөзінде Нұрбек Бадырақов алдағы нақтылауда облыстық бюджеттен қаражатты ішінара бөлу мәселесін қолдауды сұрады.

         Өңірде мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын түсіндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер өткізіледі. Олар аудандарға жұмыс сапарлары, «Жаңа Дала» Дала күні, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «Kokshe» ӘКК» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдерінің қатысуымен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу бойынша агрокеңестер мен жедел штабтардың отырыстары шеңберінде өтеді.

Талқылау қорытындысы бойынша Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы орталық мемлекеттік органдармен республикалық бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп алдағы нақтылаулар кезінде облыстық бюджеттен ішінара қаржыландыру мүмкіндігін қарауға қаулы етті.