Депутаттар үш жылға арналған бюджетті бекітті

Депутаттар үш жылға арналған бюджетті бекітті

Алдағы үш жылға арналған облыс бюджеті облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіповтың басшылығымен облыстық мәслихаттың кезекті жиырма төртінші сессиясында бекітілді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары Елдос Рамазанов пен Ернар Жаркешов, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Сессия алдында депутаттар тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында ведомство басшыларымен өзекті мәселелерді талқылап, бірқатар проблемаларды анықтады. Бұған дейін экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырыстарында бюджет жобасын жан-жақты зерделеу және талқылау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігінің бөлінуі туралы егжей-тегжейлі баяндап, қаржыландырудың басым және міндетті бағыттарға, сондай-ақ стратегиялық мақсаттарға қол жеткізумен байланысты инвестициялық жобаларды аяқтауға бағытталғанын атап өтті.

«2026 жылға арналған бюджетте әлеуметтік салаға - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спортқа жұмсалатын шығындар басым болып отыр.

Нақты секторға (ТКШ, тұрғын үй, жолдар) 31 млрд теңге қарастырылған. Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін мазут пен көмір сатып алуға 11,1 млрд теңге бөлінді. Сумен жабдықтауға және су бұруға - 9,7 млрд теңге, коммуналдық шаруашылықтағы жобаларға (жылу, газ, электр желілері) - 4,7 млрд теңге. Көлік инфрақұрылымына 17,4 млрд теңге жіберілді. Әлеуметтік осал санаттар үшін тұрғын үй сатып алуға - 2,6 млрд теңге. Ауыл шаруашылығын қолдау 85,6 млрд теңгені құрайды, бұл 2025 жылғы бюджеттен 33,6 млрд теңгеге артық», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Алмагүл Шүгірмақова сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған облыстық және аудандық бюджеттер арасындағы трансферттердің көлемі туралы хабарлады.

Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев, «АМАНАТ» партиясының Ақмола филиалының төрағасы Берген Беспалинов және Есіл аудандық мәслихатының төрағасы Анар Әділбаева қосымша баяндамашылар ретінде сөз сөйледі.

Сонымен қатар, депутаттар Ақмола облысының бес жылдық даму жоспарын бекітті.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы туралы есеппен комиссия төрағасының орынбасары Умар Шоназаров сөз сөйледі.

«Ақмола облысында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша еліміздегі ең ауқымды жұмыстардың бірі жүріп жатқанын атап өткім келеді. Өңірлік кешенді жоспарға 142 елді мекенді қамтитын және гидротехникалық құрылыстарды, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Жабай, Шағалалы, Қалқутан, Тәттімбет, Бақсық және Қоңыр өзендерінің бассейндерінде кең ауқымды жаңғырту жұмыстарын көздейтін 230 іс-шара енгізілді. Салыстырмалы түрде, басқа бірқатар облыстарда мұндай іс-шаралар саны 70-тен аспайды. Бұл Ақмола өңірінде жүргізіліп жатқан жұмыстың ауқымы мен маңыздылығын айқын көрсетеді», - деп атап өтті Умар Шоназаров.

Сессияда депутаттар дауыс беру арқылы тиісті шешімдер қабылданған 7 мәселені қарады.

Жиынды қорытындылай келе, облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов депутаттарға жыл бойғы нәтижелі жұмысы үшін алғыс айтты.