
Ақмола облыстық мәслихатында әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықовтың жетекшілігімен кезекті отырыс өтті.
Алғашқы мәселе бойынша Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек сөз алып, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының» негізгі көрсеткіштерінің орындалу барысын баяндады. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы және комиссияның ағымдағы жылдағы ұсынымдарының орындалуы туралы ақпарат ұсынылды.
Келесі мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақмола облысы филиалының директоры ағымдағы жағдай, проблемалық түйткілдер және 2026 жылға арналған жоспарлар туралы хабарлама жасады. Медициналық сақтандыру жүйесін дамыту бағытында қолға алынған шаралар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру тетіктері талқыланды.
Үшінші мәселе аясында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы ақпарат берді. Сырқаттанушылық деңгейі, атқарылып жатқан профилактикалық шаралар және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар талданды.
Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттері ретінде өмір сүру ұзақтығын арттыру, өлім-жітімді азайту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, профилактикалық бағытты күшейту, сондай-ақ саланың материалдық-техникалық базасын нығайту және ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері белгіленді.
Депутаттар Нұрлан Тәжин мен Клара Меңдібаева өздеріне бекітілген аудандардың ауруханаларына рентгенологиялық жабдықтар мен флюорографты жеткізу мерзімдерін сұрады. Сонымен қатар, халық қалаулылары бюджеттік сала қызметкерлері мен мүгедек балаларды қоса алғанда, балалардың медициналық тексеруден өтуі туралы мәселені көтерді.
Айдын Төребаев Қосшы қаласының салынып жатқан ауруханасында балалар бөлімшесінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, балалар стационарын жеке клиникаға беру жоспарлануда, депутаттар оны орынсыз деп санайды.
Мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов өңірдегі медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі мәселесін қалай шешу жоспарланғанын нақтылады. Бұл мәселе бойынша Степногорск қалалық мәслихатының төрағасы Олжас Джагпаров та өз пікірін білдірді, берешектің ең көп көлемі Степногорск ауруханасына тиесілі. Ол сондай-ақ медициналық ұйымдарды басқару саласындағы мәселелерді шешу үшін медицинадағы табысты менеджерлердің мобильді тобын құруды ұсынды.
Берген Беспалинов медициналық кадрларды, әсіресе тапшылығы аса өткір сезінетін тар бейінді мамандарды тарту және ұстап қалу мәселелеріне назар аударды.
Депутат Нұрлан Жаров медициналық қызметкерлерге арналған көппәтерлі үй салу бастамасын еске салып және аурушаңдықтың артуына байланысты МӘМС шеңберінде онкология және травматология бөлімшелерін қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ ол оң қорытындысыз аудандық ауруханалардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы мемлекеттік тапсырысқа қатысуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қорытындының болмауы алдын ала бас тарту ретінде қабылданып, медициналық ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеуіне және халықты қажетті көмекпен қамтамасыз етуіне кедергі келтіреді.
Денсаулық сақтау саласындағы 2025 жылдың нәтижелері сараланып, 2026 жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Отырыс қорытындысында қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру, халық денсаулығын сақтау және жақсарту, болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екені атап өтілді.