Ақмола облысында 2025 жылдың 9 айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

Ақмола облысында 2025 жылдың 9 айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

Ақмола облысы әкімдігінде өңірдің ағымдағы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Отырыс облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы, аудан және қала әкімдері, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 107,5% құрап, облыс республика бойынша 10-орынды иеленді. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң өсу қарқыны байқалады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың мәліметінше, аграрлық секторда жоспарланған 6,2%-дың орнына өсім 8,9% болып, өнім көлемі 770,4 млрд теңгеге жетті. Бұл, негізінен, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 11,8%-ға артуымен байланысты. Өнеркәсіп саласында өңірдің дамуына тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары елеулі үлес қосуда. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 1,4 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 77,5%-дан 80,7%-ға дейін өсті. Өсім Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарында және Көкшетау қаласында байқалады. Инвестициялық белсенділік те тұрақты өсім көрсетуде. Жыл басынан бері облыс экономикасына 556,6 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Оның ішінде жеке инвестициялар шамамен 372 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 67%-ын құрады. Бюджеттік инвестициялар көлемі де артқан. Алмагүл Шүгірмақова өз баяндамасында бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына да тоқталды. Өсімнің негізгі факторларының бірі – жергілікті мердігерлерді тарту және инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік жобаларды іске асыру. Ең жоғары түсім өсімі Көкшетау және Қосшы қалаларында, сондай-ақ Бурабай мен Целиноград аудандарында байқалады. Бюджеттің орындалу қорытындылары туралы қаржы басқармасының басшысы Татьяна Белая баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджет қаражатының игерілуі жоспардың 96,7%-ын құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 0,4%-ға жоғары. 26 облыстық әкімшілендіру органының сегізі қаражатты толық көлемде игерген. Көкшетау қаласының, Жарқайың және Шортанды аудандарының әкімдіктері де қаражатты 100% игерген. Өңір басшысы Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындаудың маңыздылығын атап өтті:

«Ең бастысы — инвестициялар нақты жұмыс істеуі керек, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтып, тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталуы қажет. Бізге қағаз жүзіндегі миллиардтаған инвестициялар емес, нақты нәтиже беретін жобалар қажет», — деді облыс әкімі.

Жиын қорытындысы бойынша әкімдікке салықтық және салықтық емес әкімшілендіруді жетілдіру, сондай-ақ бюджет қаражатын толық әрі тиімді пайдалану тапсырылды. t.me/Aqmola_region