
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Өңір депутаттарының атынан сіздерді еліміздің ең маңызды мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған маңызды қадам болды. Бүгінде біз еліміздің ішкі саясаттағы, экономикадағы және халықаралық аренадағы жетістіктерін зор мақтанышпен атай аламыз.
2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 25 қазан қайтадан ұлттық мереке ретінде – Республика күні болып аталып өтуде. Президент атап өткендей, бұл күн – мемлекеттілігімізді нығайтатын, ұлттық рухымызды көтеретін, қоғамды топтастыратын және азаматтық бірлікті арттыратын айрықша мереке.
Бұл күн – халқымыздың ел тәуелсіздігі жолындағы ерен еңбегін, жеткен жетістіктері мен еңсерген қиындықтарын еске алып, тәу етер сәт. Бүгінгі Қазақстан – әрбір азаматтың еңбегі мен жасампаз күш-жігерінің жемісі. Ендігі мақсат – Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру. Бұл үлкен міндет тек қана бірлікпен, жұмыла әрекет ету арқылы жүзеге аспақ.
Құрметті жерлестер!
Осы айтулы мереке күні сіздерге зор денсаулық, татулық пен бақ-береке тілеймін. Жүрегіміздегі туған жерге деген сүйіспеншілік пен ортақ мүдде еліміздің жарқын болашағы жолындағы жаңа жетістіктерге жетелесін!
Бейбіт Жүсіпов,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы