
Республика күні қарсаңында Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов пен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов мәслихат ардагері Роза Мағжанқызы Омарованы құттықтап барды.
Роза Мағжанқызы Омарова 1936 жылы 1 тамызда Көкшетау қаласында дүниеге келген. Ерте жастан бастап ол білімге деген қызығушылығымен және ұмтылысымен ерекшеленді. Алғашқы білімін Алматы ауыл шаруашылығы институтын «фитопатолог» мамандығы бойынша (өсімдіктерді қорғау жөніндегі агроном) бітірген. Кейін Көкшетау педагогикалық институтын филология мамандығы бойынша бітіріп, өзінің кәсіби ой-өрісін кеңейтті.
Роза Мағжанқызының өмір жолы туған қаланың дамуымен тығыз байланысты болды. Алматыдан кейін ол жұбайымен бірге Көкшетауға көшіп, еңбек жолын жалғастырды. Күйеуі Көкшетау педагогикалық институтының қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Өкінішке қарай, ол 13 жыл бұрын өмірден озды.
Роза Мағжанқызы Омарова — өңірдің білім беру жүйесі мен мемлекеттік басқару саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан тұлға. Еңбек жолын туған қаласы Көкшетаудағы «Сказка» балабақшасында әдіскер болып бастаған ол, кейін қалалық халыққа білім беру бөлімінде, одан соң қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Роза Мағжанқызының кәсіби жолындағы ең жарқын кезеңдердің бірі – облыстық атқару комитетінде атқарған көпжылдық қызметі. Мұнда ол 17 жылдан астам уақыт еңбек етіп, алғашында наградалар бөлімінің бас маманы, кейінірек облыстық халық депутаттары Кеңесі Төралқасының аға кеңесшісі лауазымдарын абыроймен атқарды. 1993 жылы еңбек жолын лайықты түрде аяқтап, зейнет демалысына шықты.
Жасының егде тартқанына қарамастан бүгінде Роза Мағжанқызы сергек ойлы, өмірге құштар, ақыл-парасаты мол жан. 3 баласынан (2 қыз, 1 ұл) тараған 8 немере мен 7 шөберенің сүйікті әжесі және ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсете білген асыл ана.
Ол әлі күнге дейін белсенді өмір салтын ұстанып, қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларға қызығушылық танытып келеді. Өзінің сабырлы мінезімен, кәсіби біліктілігімен және өмірлік тәжірибесімен ол төзімділік пен даналықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Айтымұлы Роза Мағжанқызына өңірдің өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдіріп, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен бақ-береке тіледі.
Мұндай кездесулер — ел игілігі үшін маңдай терін төккен ардақты аға буын өкілдеріне деген құрмет пен қамқорлықтың көрінісі. Бұл – жастарға үлгі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын белгісі.