Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірді дамыту мәселелері бойынша шешімдер қабылданды

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірді дамыту мәселелері бойынша шешімдер қабылданды

2025 жылғы 19 қыркүйекте Бейбіт Жүсіповтың төрағалығымен Ақмола облыстық мәслихатының 22 сессиясы өтті, оның барысында депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар өзекті мәселелерін қарады. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, облыстық мәслихат депутаттары, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдар басшылары мен БАҚ қатысты.

Сессияның алдында мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысы өткізілді, онда ағымдағы күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Сессия шеңберінде туризм басқармасының сала жұмысының қорытындылары және даму перспективалары туралы ақпараты ұсынылды. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес 113 млрд теңгеден астам сомаға 118 іс-шараны, оның ішінде 2025 жылы 7,7 млрд теңгеге 32 іс-шараны іске асыру көзделген.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктері арқылы бюджеттен тыс көздерді тарту және жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 18 іс-шараны жүзеге асыру жеке инвестициялар есебінен жоспарланған», - деп атап өтті ведомство басшысы Андрей Подгурский.

Депутаттық корпус Ақмола облысының туризм басқармасына өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында, оның ішінде халықтың көп біле бермейтін киелі орындарға инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейтуді, жобалық құжаттаманы дайындауды жеделдетуді, сондай-ақ БАҚ-пен бірлесіп өңірдің оң имиджін қалыптастыруды, табысты кейстерді жариялауды және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәжірибесін танымал етуді ұсынды.

Сондай-ақ, сессия барысында аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының есебі тыңдалды.

Ақмола облысы астық өндіру бойынша еліміздің көшбасшыларының бірі болып табылады, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау белсенді дамып келеді. Мұндай жағдайда мәслихаттың тұрақты комиссиясының жұмысы ауылдың орнықты дамуы және Мемлекет басшысының Жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін ерекше маңызға ие болады.

Аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Әбілқайыр Ошақбаевтың айтуынша, комиссия өз қызметі барысында өңірдің аграрлық саясатының негізгі бағыттарын қозғайтын тақырыптарын көтерді. Тұқым қорының жай-күйіне, егіс және егін жинау науқанына дайындығына, сондай-ақ шалғайдағы ауылдық округтерде егінді сақтау, кептіру және өткізу проблемаларына ерекше назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерін, әсіресе мал өсірушілер мен дәнді дақылдарды субсидиялау деңгейі, егіннің шығыны үшін өтемақы, климаттық тәуекелдер және ақбөкендердің көші-қон салдары мәселелері қаралды. Сонымен қатар, астықты терең өңдеу перспективалары, соның ішінде фортификацияланған ұн өндірісі және жұмысшы кәсіптер жылы шеңберінде аграрлық сала үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту қажеттілігі талқыланды. Қазіргі жағдайда адами капитал агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторына айналуда. 

Комиссия жұмысының маңызды бағыты өңірдің индустриялық-инновациялық даму мәселелерін қарастыру болды.

Отырыс барысында халық қалаулылары атқарушы мемлекеттік органдарға өкілді органмен өзара іс-қимылдың тиімділігіне назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде отырыстар мен аудандарға шығу қорытындылары бойынша тұрақты комиссия тұжырымдаған қорытындылар мен ұсыныстарды ескеру ұсынылады.

Сонымен қатар, сессия барысында депутаттар облысты басқару схемасын өзгертуге, азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін медициналық көмектің тізбесін кеңейтуге, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі МЖӘ жобасын іске асыруға және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жоспарды бекітуге қатысты бірқатар маңызды шешімдерді қарап қабылдады. Әкімдіктің, өңірлік кеңестер мен сайлау комиссияларының жаңартылған құрамдары келісілді, 2026 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне іс-шаралар енгізілді, сондай-ақ Көкшетау және Қосшы қалаларындағы көшелерге атаулар берілді.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.