Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Депутаттық корпус атынан баршаңызды айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке – еліміздің Тәуелсіздігін, бірлігін, құқықтық және демократиялық даму жолын айқындайтын маңызды күн. Жалпыұлттық референдум барысында халқымыздың тікелей ерік-жігері арқылы қабылданған елдің Негізгі Заңы азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, мемлекетіміздің басты құндылықтарын айқындап берді.
Биыл қазақстандық мемлекеттіліктің берік тірегі ретіндегі тарихи маңыздылығын көрсететін Ата заңымыздың 30-жылдық мерейтойын атап өтеміз. Үш онжылдықта Конституция еліміздің демократиялық даму жолындағы басты бағдар ретінде танылды. Ол - заң үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің, азаматтық қоғам институттарын нығайтудың берік негізі болды.
Бүгінде Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет, өркениетті қоғам құру жолында өз бағытын берік ұстанып келеді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда Конституция қағидаттарын ұстану – әр азаматтың парызы. Бүгінгі таңда еліміздің өркендеуі үшін біз өз еңбегімізбен және қоғам өміріне белсенді қатысуымызбен қазақстандықтардың көптеген ұрпақтары құрған құндылықтарды сақтап қалуымыз керек.
Қымбатты ақмолалықтар! Осындай мағынасы мен мәні терең, мерейлі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге келісім мен тұрақтылық, әрбір отбасына құт-береке, бақыт пен шаттықтың орнауын тілеймін.
Бейбіт Жүсіпов,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы