Шахмат турнирінің Шағын кубогы Ақмола командасына табысталды

Шахмат турнирінің Шағын кубогы Ақмола командасына табысталды

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шахматтан «Senat Оpen» – II Ашық кубогы турнирінің финалы өтті.

Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Парламенті Сенаты мен Freedom Broker компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Шараға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты

Естеріңізге сала кетейік, турнир идеясын ҚР Парламенті Палатасының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұсынған болатын. Бұл бастаманы Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрлов қолдады.

Финалдың ашылу салтанатында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары елімізде зияткерлік спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін және олардың жастардың бойында ойлау мен патриотизмді қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Кәсіби және әуесқой деңгейлерде ойынды үйрету үшін жағдайлар жасалған.

Ауқымды шахмат марафонының финалдық кезеңіне Көкшетау, Түркістан, Семей, Орал және Талдықорған қалаларында өткен жартылай финалдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен құралған 215 қатысушы жиналды.

Ақмола облысының командасын 10 ойыншы ұсынды: Қоғамдық кеңестердің мүшелері Бақтыбаев Баянбек, Рашид Галимжанов, Досбол Келденбек, Сергей Катревич; Қуаныш Иманбаев, ардагерлер Андрей Вишнев, Рымбек Ғабдуллин және мәслихат депутаттары Мереке Жүсіпов, Амангелді Жүсіпов және Ерлан Хасенов.

Жарыс жеке және командалық сынақтарда өтті.

Шілде айында Көкшетауда өткен іріктеу турының жеңімпазы атанған Ақмола облысының командасы Астанада Шағын кубокқа ие болды.

Сонымен қатар, біздің шахматшылар солтүстік өңірлердің командалары арасында үздік атанып, құрметті жалпыкомандалық бесінші орынға ие болды.

«20 команданың ішінде 5-ші орын - керемет нәтиже! Барлық қатысушыларды құттықтаймын және лайықты ойын үшін алғыс айтамын!»- деп атап өтті құрама капитаны Серік Бигожин.