Облыстық маслихатта жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды

Облыстық маслихатта жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында Ақмола облысының білім беру ұйымдарының 2025/2026 оқу жылына дайындығы туралы облыстық білім басқармасының ақпараты тыңдалды.

Басқарма мәліметінше, облыста 599 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 94,6% құрайды. 2025 жылдың басынан бері 495 жаңа орын ашылып, жыл соңына дейін тағы 790 орын іске қосу жоспарланған. Бұл мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа оқу жылында облыстың 526 мектебінде 140 мыңнан астам оқушы білім алады, оның ішінде 12 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары. 1 қыркүйекке дейін 1548 орынға арналған 5 жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар, 28 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 20-сы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес реновация тізіміне енгізілген.

Инклюзивті білім беру ерекше назарда. Облыста 1351 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала және 2054 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда. Тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 104 ресурстық кабинет жұмыс істейді, оларды шамамен 1800 бала тұрақты түрде пайдаланады.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері одан әрі назар аударуды және бақылауды қажет ететін бірқатар бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, педагог кадрлар тапшылығын жою және жас мамандарды, әсіресе ауыл мектептерінде, белсенді түрде бекіту, мектептерді реновация шеңберінде толық жабдықтауды аяқтау және қауіпсіз орта қалыптастыру, инклюзивті және техникалық білім беруді одан әрі дамыту.

Тұрақты комиссия жаңа оқу жылына дайындық барысын бақылауда ұстауды жалғастырады.