18 маусымда облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы өтті. Онда бірқатар мәселелер қаралып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов 2024 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы жөнінде есеп берді. Жиында бөлінген қаражаттың игерілу қорытындылары мен бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды.
Сессия қарсаңында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары өтті. Онда қаржы басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылары Татьяна Белая мен Алмагүл Шүгірмақова есеп берді. Сонымен қатар, 2024 жылғы өңірлік тексеру комиссиясының жұмысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Есмағамбетов баяндама жасады.
Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Алғаш рет экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың төрағалары арнайы шақырылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, бюджет қаражатын іске асыру барысында басты басымдық – өңірдің орнықты дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және тұрғындарды тікелей қолдау болып қала бермек. Жергілікті атқарушы органдардың барлық іс-әрекеті Ақмола облысында жайлы өмір мен тиімді еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыстық бюджетке түсімдер жоспары 100 пайызға орындалды.
Бюджет шығыстарының едәуір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Атап айтқанда, шамамен 68 мың оқушы ыстық тамақпен қамтылды, 31 білім беру ұйымында жаңа жабдықтар сатып алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкшетау, Қосшы қалаларында және Целиноград ауданының елді мекендерінде 9 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 9 мектеп салынды. Бұл өз кезегінде 12 мыңнан астам оқушы орнын қамтамасыз етіп, жоспардың толық орындалуына мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау саласына 510 дана медициналық техника мен 53 қазандық сатып алынды. Сонымен қатар, 17 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жүргізілді.
Депутаттар тарапынан облыстық бюджет бағдарламаларының әкімгерлеріне қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі айтылды. Атап айтқанда, бюджеттік өтінімдерді сапасыз қалыптастыруға жол бермеу, инвестициялық жобаларды дер кезінде іске асыру, іс-шаралар мен даму жоспарының нысаналы индикаторларын сапалы жоспарлау мен уақтылы орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жалпы, 2024 жылға арналған облыстық бюджетті орындау бойынша барлық жоспарланған міндеттер толық жүзеге асырылды.
Сессия барысында облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповтің 2023–2024 жылдардағы қызметі бойынша есебі тыңдалды. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жаңартылған құрамы бекітілді.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешім қабылдады.