Степногорск қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту: мәселелері мен шешу жолдары

Степногорск қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту: мәселелері мен шешу жолдары

Облыстық мәслихат депутаты Саят Сыздықовтың төрағалығымен Степногорск қаласында денсаулық сақтау жүйесінің ахуалы бойынша жұмыс кеңесі өтті. Кездесу облыстық мәслихаттың қолдауымен Степногорск қалалық мәслихатының бастамасымен ұйымдастырылды. Оған денсаулық сақтау басқармасының, Ақмола облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) филиалының басшысы, медициналық ұйымдардың басшылары және қала жұртшылығының өкілдері қатысты.

Талқылау барысында денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалар, соның ішінде қаржыландыру, кадр тапшылығы және медициналық мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) шеңберінде Степногорск қаласында қаржыландыру бес ұйым арасында бөлінген: «Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК, «VIAMEDIS» ЖШС, «Dariger plus» ЖШС, «Limfa si» ЖШС, «Биоалмаз дент» ЖШС.

Жұмыс кездесуі аясында депутаттар бірқатар медициналық мекемелерге барып, келесі негізгі проблемаларды атап өтті: тұрақты кредиторлық берешек, әсіресе Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасында; аурухананы күрделі жөндеуге қаражаттың жетіспеушілігі; тар бейінді медицина мамандарының өткір тапшылығы; медициналық ұйымдар арасындағы әлсіз өзара іс-қимыл және медициналық кеңес тарапынан жұмысты үйлестірудің жеткіліксіздігі. Бұл факторлар халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қиындатады.

Ең өзекті мәселелердің бірі Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының кредиторлық берешегі болып қала береді. Облыстық мәслихаттың қолдауымен облыс бюджетінен оны өтеуге 618,8 млн теңге бөлінген еді, осы арқылы қарызды ішінара өтеуге қол жеткізілді. Алайда, бүгінгі жағдай бойынша берешек сомасы тағы да 607 млн. теңгеге жетті.

Ықтимал шешімдер ретінде кеңеске қатысушылар келесі ұсыныстарды ортаға салды: берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөніндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастыру; қаржы ағындарының ашықтығын және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейту; медициналық кеңестің қызметін үйлестіру органы ретінде жандандыру; қаланың барлық медициналық мекемелері арасында тұрақты өзара іс-қимылды жолға қою.

Кеңесте айтылған барлық мәселелерді Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық мәслихат депутаттары бақылауға алды.