
2026 жылғы 24-26 мамырда Астана қаласы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары мәслихаттары өкілдерінің делегациясы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды.
Сапар барысында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Меморандумдар аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, қоғамдық бастамаларды дамытуға және бірлескен әлеуметтік-экономикалық жобаларды қолдауға бағытталды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі туристік саланы дамыту болмақ. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, аймақтардың ішкі туризм, инфрақұрылым және логистика саласында бірлесіп жұмыс істеуге үлкен мүмкіндіктері бар.
Депутаттар сондай-ақ Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, негізгі инфрақұрылымдық нысандарды аралады және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Бағдарламада аймақтың тарихи-мәдени әлеуеті мен табиғатының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Мәслихат төрағалары мен делегация мүшелері әйгілі Шопан ата мен Бекет ата жерасты мешіттерін, сондай-ақ бірегей Бозжыра шатқалын аралады.
Сапар депутаттарға озық тәжірибемен алмасуға мүмкіндік берді және аймақаралық байланыстарды, мәдени алмасуды және достық қатынастарды одан әрі нығайту үшін берік негіз қалады.