Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

2026 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков пен Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Аяужан Әшімова Астанада Конституциялық комиссияның бірінші отырысына қатысты.

2026 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау бойынша облыс активі өтті.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жаңа Конституция жобасы - қоғамның сұранысы мен заман талаптарына сай әзірленген, мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға бағытталған, жаңа мазмұн мен мағынаға ие маңызды құжат. Ата Заңда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты бекітілген.

Денис Рыпаков өз сөзінде бүгінгі кездесу бірегей, тарихи маңызды кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Қазақстан саяси және қоғамдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Елдің жаңа Негізгі Заңының жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарын жан-жақты талдау нәтижесінде дайындалды.

Ол жоба бойынша жұмыс ашық түрде, қоғамдық талқылаулар мен қоғамның кеңінен қатысуы арқылы жүргізілгенін ерекше атап өтті. Мұндай тәсіл біздің мемлекеттілігіміздің жетілгенін және демократиялық принциптерді нығайтуға деген ұмтылысты көрсетеді. Негізгі заң жобасында адами капиталды нығайтуға, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Басты назарда - адам құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін күшейту, әлеуметтік мемлекет пен әділеттілік қағидаттарын дамыту.

ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Аяужан Әшімова қатысушыларға Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру үшін тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді.

«Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен талқылаулар негізінде өзара келісілген және Конституция мәтініне енгізілген түзетулердің жинақталған жобасын дайындады. 77 бапқа түзету енгізілді, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды. Осылайша өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімін қамтыды», - деді ол.

Жиналыс соңында Нұрымбет Сақтағанов Отанымызды көркейту, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру  баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.