Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы мүшесінің бос орнын толтыру үшін ұсыныстар жинау туралы ХАБАРЛАМАСЫ

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы мүшесінің бос орнын толтыру үшін  ұсыныстар жинау туралы ХАБАРЛАМАСЫ

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты сайлау комиссиясының қызметін ІТ-сүйемелдеу мәселелеріне жауап беретін Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы мүшесінің бос орнын толтыру үшін ұсыныстар жинайтынын хабарлайды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Сайлау туралы Конституциялық заң) 10-бабына сәйкес аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.

Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы.

Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.

Саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктер мен жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.

Саяси партиялар, өзге қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелері және құрылатын сайлау комиссияларынан жоғары тұрған сайлау комиссиялары 2025 жылғы 22 қараша мен 2025 жылғы 8 желтоқсан аралығында мәслихатқа мынадай құжаттарды тапсырады: 

1) белгіленген нысан бойынша электрондық және қағаз форматта сайлау комиссиясының құрамына кандидатура туралы мәліметтер;

2) саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің немесе олардың филиалдарының (өкілдіктерінің), жоғары тұрған сайлау комиссиясының сайлау комиссиясының құрамына кандидат ұсыну туралы шешімінен үзінді көшірме;

3) саяси партияны, қоғамдық бірлестікті немесе олардың филиалдарын (өкілдіктерін) тіркеу туралы құжаттың көшірмесі;

4) кандидаттардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысуға келісімі туралы, белгіленген нысан бойынша мәслихатқа жолданған өтініштері;

5) Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында «Сайлау комиссияларының мүшелерін қашықтықтан оқыту және тестілеу» кіші жүйесінде Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын білуге арналған тестілеуден өткені туралы сертификат.

Сайлау комиссияларының құрамына кандидатуралар туралы мәліметтердің,  кандидаттардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысуға келісімі туралы өтінішінің нысандары төменде орналастырылған.

4 Қосымша

5 Қосымша

Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адам Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сай келуге тиіс.

Мыналар:

- сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;

- сот iс-әрекетке қабілетсiз немесе iс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам;

- халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік мемлекеттік органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қаржыландырылатын саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің ұсынысы негізінде ұсынылған және (немесе) сайланған адам;

- Парламенттің, мәслихаттардың депутаттары, әкімдер, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері;

- саяси мемлекеттік қызметші лауазымын атқаратын адамдар;

- Қазақстан Республикасы соттарының судьялары сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды.

Сайлау комиссиясының мүшесі осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұруға тиіс.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәслихаттар сайлайтын мүшелері Орталық сайлау комиссиясы бекіткен біліктілік талаптарына сай келуі тиіс.

Аумақтық сайлау комиссиясының сайлау комиссиясының қызметін IT-сүйемелдеу мәселелеріне жауапты мүшесіне қойылатын  біліктілік талаптары:

орта білімнен кейінгі, жоғары білім немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім.

Жұмыс тәжірибесі келесі талаптардың біріне сәйкес келуі тиіс:

аумақтық сайлау комиссиясы мүшесінің функционалдық бағыттарына сәйкес келетін салалардағы жұмыс өтілі үш жылдан кем емес;

Қазақстан Республикасының сайлау органдарындағы жұмыс өтілі екі жылдан кем емес;

Мәслихатқа ұсынылатын қағаз форматтағы барлық құжаттарға қол қойылған, мөрмен расталған болуға және орындалған күнін, орындаушы туралы, оның аты-жөні мен телефон нөмірі көрсетілген белгіні қамтуға тиіс.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты сайлау комиссияларының құрамы бойынша ұсыныстарды 2025 жылғы 8 желтоқсанға дейін Өскемен қаласы, М.Горький көшесі, 40 мекенжайында дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды, үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін.

Құжаттарды қабылдауға жауапты адамдар – Құсайынова Л.Қ., тел.71-31-96, Байтикова Ж.М., тел. 71-31-90. Электрондық мекенжай: info@vkomaslihat.gov.kz.