Жақында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары М. Мұқаев, Б. Лаврентьев, Г. Батпакулова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. К. Жакупова арасындағы кездесуде өңіріміздің әлеуметтік саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымда шыққан № 263 «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызмет стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына және 2023 жылғы 22 маусымдағы № 230 «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу мәселелері сөз болды. Бұл бұйрықтар әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының қызметін реттейді, онда арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің сапасына, көлеміне және жағдайларына қатысты талаптар көрсетілген.
Кездесу барысында депутаттар өз пікірлерін білдіріп, бұйрықтарға өзгеріс енгізу жөніндегі ұсыныстарын жасады. Өз кезегінде министр ұсынылған бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, өзгерістер енгізу бойынша барлық ұсыныстардың нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу кезінде ескерілетінін жеткізді. Бұл жұмыстар «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Cushpen group» ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілетін болады. Бұл ретте, 7 кәсіби реабилитация хаттамасына негізделген (бастапқы қаржыландыру) жоғары тарифтерді әзірлеу, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының педагогикалық қызметкерлерін білім беру саласы қызметкерлерімен теңестіру, сондай-ақ «медициналық бөлім бастығы» (стационар), «бас медбике» (жарты стационар) лауазымдарын енгізу бойынша ұсыныстар Министрлікпен бірге қаралатын болады.