Басқосуда сөз алған Мұрат Рахметұлы: “Бүгінде облыстық мәслихат депутаттарымен ағымдағы жылда барлығы 46 депутаттық сауал, оның ішінде 21 депутаттық сауал орталық мемлекеттік органдарға (ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісіне, құзырлы министрліктерге) жолданды.
Соңғы жылдары депутаттық сауалдардың нәтижесінде бірқатар елді мекендерде жолдар жөнделіп, мектептер мен медициналық мекемелер күрделі жөндеуден өтіп, ауыз су мәселелері оң шешімін тапты. Орал қаласынан ішкі және халықаралық авиарейстерді жүзеге асыру, рейстердің санын арттыру, әсіресе күндізгі уақытта қатынайтын ұшақтар санын көбейту және авиабилет бағасын төмендету мәселелерін күн тәртібінен алмай көтеріп келеміз, мәселенің шешілуіне бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде Орал қаласынан ішкі рейстер саны артты. Ең қуанатын жағдай облыстық мәслихат депутаттарының табанды жұмысының арқасында 2024 жылдың қазан айында Орал қаласының әуежайында «Ашық аспан» режимі енгізілді. Өзекті әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі - жолаушылардың теміржол тасымалы қызметтерін еркін пайдалану мүмкіндігінің болмауы. (Астана мен Алматы қалаларына қатынайтын теміржол қатынасының жеткіліксіздігі)
Қазіргі таңда, мәселе оң шешімін тауып, облыс тұрғындары үшін «Орал-Астана» бағыты бойынша Тальго пойызы қайтадан іске қосылды. Ендігі кезекте, билеттердің тапшылығына орай Орал-Астана және Орал-Алматы бағыттарындағы поездардың вагон санын арттырып, вагондарды жаңарту бойынша жұмыстанудамыз.
Облыстық мәслихат депутаттарының күн тәртібінен түсірмей, тұрақты бақылауда ұстап келе жатқан өзекті мәселелерінің бірі – киік популяциясының шамадан тыс шоғырлануы. Бұл – әсіресе облысымыздың оңтүстік аудандары үшін экологиялық және шаруашылық тұрғысынан маңызды мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде, және бұл мәселе де біртіндеп өз шешімін табатынына сенімдеміз.
Өңірде әлі де көптеген шешілмеген өзекті мәселелер бар екені мәлім. Алайда, мәселелердің рет-ретімен шешілуі бойынша облыстық мәслихатының депутаттық корпусы тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.
Мәслихат депутаттарының жұмысы – тек нормативтік шешімдер қабылдаумен шектелмейді. Олар халықтың ортасында жүріп, нақты көмек көрсетуге, қоғамдық бақылау орнатуға және жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге де белсенді атсалысуда.
Ағымдағы жылы облыстық мәслихаттың өзім бастаған бір топ Әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссия депутаттарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болып, өңір тұрғындары көтеріп жүрген маңызды әлеуметтік мәселелерді талқыладық. Кездесулер нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың маусым айында Бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және экология министрліктерінің басшылығымен кездесуді жоспарлап отыр. Кездесу барысында өңірдегі су тапшылығы, экологиялық мәселелері, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласындағы өзекті проблемалар талқыланып, нақты ұсыныстар мен шешу жолдары қарастырылатын болады. Бұл – облыстық мәслихат депутаттарының тек жергілікті емес, республикалық деңгейдегі құрылымдармен де тығыз байланыс орнатып, халықтың талап-тілегін жоғары деңгейде жеткізуге күш салып жатқанын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы – өңірлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба аясында мәслихат депутаттары ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге тікелей атсалысып, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Аталған жоба аясында мәслихат депутаттары ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге тікелей атсалысып, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
2024 жылғы 13 желтоқсанда Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының жанынан Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылды. Бұл бастама – ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Депутаттық топтың төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты Лаврентьев Борис Георгиевич сайланды”-деді өз баяндамасында.
Өңірде әлі де шешімін таппаған мәселелер біртіндеп оңтайланады дегенге сеніміміз мол.