Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысы

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысы
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысы өткізілді. Тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Салықов төрағалық еткен басқосуға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары – Қалияр Айтмұхамбетов, комиссия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібінде келесідей мәселелер қарастырылды:
1. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі далалық жұмыстарға әзірлігі туралы;
2. Батыс Қазақстан облысы аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы;
3. «Ауыл аманаты» бағдарламасының Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылу барысы туралы.
📈Тұрақты комиссия отырысында сөз алған Батыс Қазастан облысының ауыл шаруашылығы басқарамасының басшысы Жасұлан Халиуллин: «Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді назардан тыс қалмаған. Қазіргі уақытта облыста маусымдық көктемгі дала жұмыстары басталды.
Диқандардың айтуынша күздіктердің жағдайы жақсы, көктемгі тырмалаудан олардың өсуі мен дамуы жақсарады деп күтіледі.
Қазіргі уақытта диқандар егіс даласына толық шықты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдарынан жинақтап ұсынған мәліметтеріне сәйкес жаздық егіске қажет тұқым толық дайындалды. Қазіргі уақытта тұқым сатушылармен жасалған келісімшарттар негізінде кейбір диқандарға тұқымдарды әлі де әкеліп жатырғанын атап өту керек.
Дайындалған қолда бар тұқымдарды Орал қаласы мен Сырым ауданының агроқұрылымдары «Орал-Жер» ЖШС және Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі аудандары шаруа қожалықтарының «Казагрэкс» АҚ зертханаларынан егіс сапасына тегін тексертуге мүмкіндіктері бар, бұл зертханалар көптен бері осы бағытта қызметін жүргізеді, тәжірибелі мамандары бар.
Шаруаларымыз дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын уақытында пысықтады, қазіргі таңда техникалар егіс даласында.
Егіс жоспарын орындау үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Егіс науқанын оңтайлы мерзімде өткізіп аяқтау үшін басқарма, аудан әкімдіктерімен бірлесіп мүмкін болатын барлық шараларды қабылдауға дайын екенін жеткіземін» - деді өз баяндамасында.
Бұл мәселе төңірегінде қатысушылар тарапынан бірнеше сауалдар қойылып, басқарма басшысы толықтай жауап берді.
📈Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша өзінің баяндамасымен Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев: «Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының негізгі қызмет бағыты - халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, облыс аумағының ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық іс-шаралар ұйымдастыру және жүргізу болып табылады» - деді.
Елімізде жүзеге асырылып отырған ветеринария саласын реформалау жұмыстарының шеңберінде ветеринария саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Әрине бұл бірнеше мәселелердің шешілуіне оңтайлы нәтиже беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, 2025 жылы «Жол картасын» орындауды ұйымдастыру шеңберінде облыс әкімдігімен берілген тапсырмаға сай әрбір ауданда жеке инвесторлар арқылы жаңадан 3 ветеринариялық пункттер ғимараттарын салдырып, сатып алу көзделіп отыр. Бұл бағытта Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында өткен жылы 8 жаңа ветеринариялық пункттердің құрылысы басталды, биылғы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отырғандығы да аталып өтті.
📈Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша: «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру үшін жеңілдетілген несиелеу арқылы кәсіпкерлікке тарту, кооперацияға біріктіріп, тұрғындардың әлеуеттік жағдайын жақсарту болып табылады. Тұрғындарды барынша өндірістік кооперативтерге біріктіру. Ауылдардағы, елді – мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту, сонымен қатар өзін – өзі жұмыспен қамту мәртебесін заңдастыру керектігін» - «AQJAIYQ» Әлеуметтік – Кәсіпкерлік Корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов тілге тиек етті.
Өңірімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері келесі бағыттар айқындалған:
1. Сүтті мал шаруашылығын қаржыландыру;
2. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту;
3. Өсімдік шаруашылығын дамыту;
4. Шағын кәсіпкерлікті дамыту.
Осы орайда, ағымдағы жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасы ұйымдастырған көрмеге қатысты. Оның барысында ауыл шаруашылығы және өзге де өнімдерді өндіру және қайта өңдеу бойынша, ірі қара мен ұсақ малды сою, тағыда басқа шағын бизнес жобаларын ашу үшін шағын жабдықтар көрсетілді.Осы сапар барысында БҚО өкілдері қытайлық кәсіпкерлермен ағымдағы жылдың сәуір айында Ақжайық ӘКК АҚ-ның барлық ниет білдірген және әлеуетті қарыз алушыларына ауылдық жерлерде бизнес түрлерін кеңейту үшін осы жабдықтарды көрсету мақсатында Орал қаласында Көрме өткізу туралы келісімге қол жеткізді. Көрме 2025 жылғы 21-25 сәуір аралығында өткізу жоспарланып отыр.
Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, шешімін таппаған кейбір жекелеген сұрақтар бойынша алдағы уақытта да, сала мамандарымен басқосып талқыланатыны айтылды. Жиын қорытындысы бойынша құзырлы мемлекеттік орган және мекеме басшыларына ұсыныстар берілді.