Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Батыс Қазақстан облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарымен төрағалары, зиялы қауым, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблея өкілдері, әкімдік мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда республикалық деңгейде шешілуі қажетті өзекті мәселелер және жалпы қоғамға қатысты заңнамалық актілер қабылдау немесе өзгерістер енгізу туралы сұрақтар мен ұсыныстар айтылды.
“Парламент Сенаты – мемлекетіміздің заңнамалық негізін қалыптастыратын басты институт. Сенаттың қолдауымен қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлердің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін бірқатар маңызды мәселелер көтеріп, өңірлердің өркендеуіне айрықша мән беруде. Оның ішінде: жаңа экономикалық саясат, инвестиция тарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, өңірлерді дамыту және аймақтардағы инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы тапсырмалары бар. Президент халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты мақсат ретінде белгілеп, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл мақсат-міндеттер Батыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр”- деді өңір басшысы өз баяндамасында.
Жиында бірнеше жылдар бойы айтылып келе жатқан киіктер мәселесі қозғалды. Занның жобасы Парламентке енгізілген, сол себепті осы мәселелерді қамтитын заң қабылдануына ықпал ету керек деген ұсыныстар болды.
Сонымен қатар, өңірге жаңадан инвестиция тарту, жаңа технологиялар енгізу, кәсіпорындар ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша мәселелер де қарастырылды.