Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері бойынша тұрақты комисиясының отырысы болып өтті

Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері  бойынша тұрақты комисиясының  отырысы  болып өтті

Ағымдағы жылдың  14 қыркүйегі күні   облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері  бойынша тұрақты комисиясының отырысы  болып өтті.

Комиссия отырысына  комиссия мүшелері И.Илимисов, И.Габдуллин, Ә.Шәмшіден,  облыстық тиісті басқарма мен   инспекциялардың,   облыс көлеміндегі шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.

Отырысты комиссия төрағасы   С.Жарылғапов жүргізді.

Күн тәртібінде  «Облыстың  шалғай аудандарындағы шаруа қожалықтарына    қасқырлардан  келген зиянның   проблемалары»   туралы   мәселе қаралды.

«Батыс Қазақстан облыстық  орман шаруашылығы  және  жануарлар дүниесі аумақтық  инспекциясы» РММ-нің  басшысы Н.Рақымжанов   жыл басынан бері  «Саны реттеуге  жататын  жануарлар түрлерін  жоюға рұқсат беру»  мемлекеттік  қызметі бойынша  92  рұқсат беру құжатының жасалып,  186 қасқырды атуға рұқсат берілгендігін атап өтіп,  әрбір аудан бойынша қанша   бас қасқырға рұқсат берілгендігі мен қанша бас  алынғандығын  айтып өтті.

БҚО  табиғи  ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу  басқармасы басшысының орынбасары Б.Хайруллин  ағымдағы жылы  «Жабайы  жануарлардың санын реттеу бойынша  іс-шаралар өткізу»  мемлекеттік сатып алу бойынша  конкурс өткізілгенін, соның нәтижесінде  «Орал өңірінің  балықшылар мен аңшылар қауымдастығы» ҚБ  жеңімпаз болып табылғандығын,  шарттың  құны  1640,9 мың теңгені  құрағандығын айтып өтіп,  тапсырыс орындаушысымен  60  дана қасқырдың  фрагменттері  экспертизаға тапсырылып,  басқармамен құрылған  комиссия мүшелерінің қатысуымен  толықтай жойылғандығын жеткізді.

Б.Хайруллинннің айтуынша қазіргі таңда облыс  көлемінде  шамамен  қасқырдың басы 980-ге жеткен, соған орай аталмыш  басқарма  тағы да  136 бірлікке   қосымша  4165,7 мың теңге көлемінде өтінім берген.

Отырысқа қатысқан Бөкейорда, Жәнібек, Жаңақала, Бәйтерек  аудандарынан келген шаруа қожалықтарының  өкілдері  бағып отырған малдарына қырғидай тиіп жатқан  қасқырлардан құтқарудың  жолын табуды,    қасқырдың санын азайту  үшін  рұқсатнама беру квотасын көбейту, өздері тұратын аумақта  малдарын қасқырдан   қорғау үшін қару алып жүруге рұқсат беру  туралы  ережеге  өзгеріс енгізу  керек деген өтініштерін  жеткізді.

Комиссия жұмысын қорытындылаған депутаттар   шаруаларға  қасқырлардың санын азайтуға берілетін квотаны  көбейту үшін  өздері тұратын әкімшілік аумақтың  әкіміне хат жазуды, одан әрі  әкімнің  тиісті  басқарма мен БҚО аумақтық инспекциямен бірлесіп  мәселені   шешу  жолдарын   қарастыру керек деген  ұйғарымға келді.