Облыстық мәслихаттың депутаттары Тасқала және Казталов аудандарына іс сапармен барды

Облыстық мәслихаттың депутаттары Тасқала және Казталов аудандарына іс сапармен барды

Ағымдағы жылдың 26-27  шілде  күндері облыстық мәслихаттың депутаттары, «Ауыл» партиясының мүшелері  С.Жарылғапов пен Ә.Шәмшіден «Ауыл» партиясы БҚО  филиалы төрағасының орынбасары М.Анесовпен  бірге «Ауыл тынысы –ел тынысы»  атты «Ауыл» партиясының бағдарламасы шеңберінде, шекара бойында орналасқан  ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл  тұрғындарымен кездесу  үшін  Тасқала және Казталов аудандарына іс сапармен барды.

Депутаттар алдымен Тасқала ауданының Мереке, кейін Казталов ауданының Болашақ елді мекендерінде болып,  тұрғындармен кездесті.

Мереке ауылының тұрғындары  тарапынан жер, игерілмей жатқан жерді қайтару,  жол қатынасы, ветеринарлық пунктың жоқтығы,  жұмыс күшінің жетіспеушілігі,  мал зираттарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру, заңға өзгеріс енгізу сияқты  мәселелер көтерілсе,  Болашақ ауылындағы жергілікті халық   ауызсу, жол,   шекараның ашық болуы салдарынан   малдың шекарадан өтіп кетуі,  жас мамандардың, дәрігердің  жетіспеушілігі, шекарадағы тұрғындарына жеңілдік қарастыру туралы  өтініштерімен  бөлісті.

Депутаттар  жергілікті халықтың  өтініштерін тыңдап, өз деңгейлерінде  тиісті  органдармен бірлесіп  жұмыстанатындықтарын  жеткізді.