Ағымдағы жылдың 10 маусымы күні Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының үлкен залында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Т.Каюпов, облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қонысбаева, облыстық мәслихаттың депутаттары, бюджеттік әкімшілер, облыстық басқармалар басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, БҚО тексеру комиссиясының мүшелері қатысты.
Бірлескен отырысты облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қонысбаева жүргізді.
Күн тәртібінде «2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі» туралы мәселе талқыланды.
Отырыста ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Т.Каюпов 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсына отырып, қысқаша бюджеттік түсімдер мен шығыстарына тоқталып, облыстық бюджеттің түсімдер жоспары 2021 жылға 277 595,1 млн.теңге сомасында бекітіліп, нақтылау мен түзетулер нәтижесінде 55 504,8 млн.теңгеге ұлғайтылып, 33 099,9 млн.теңгені құрағандығын, нақты түскені 330 757,7 млн.теңге екендігін, жалпы орындалу 99,3% болып отырғандығын айтып өтіп, сонымен қатар, бюджеттің шығыс бөлігінің жоспарының 98,2 % орындалғандығы туралы қысқаша ақпарат беріп өтіп сонымен бірге, облыс аумағын дамыту бағдарламасының өткен жылдың қорытындысы бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізгені, жалпы Бағдарламада 30 нысаналы индикатор қарастырылғандығын, оның ішінде 19 нысаналы индикаторға қол жеткізілсе, 5 индикаторға қол жеткізілмегендігін, 6 индикатор бойынша есепті дайындаған уақытта статистикалық деректер болмағандығына тоқталды.
Сонымен қатар, БҚО тексеру комиссиясының мүшесі Б. Хамидуллин тексеру комиссиясының 2021 жылғы облыс бюджетінің орындалуына берген қорытынды бойынша бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалғандығын, бақылау мен аудиторлық іс-шаралар және есепті кезеңге облыс бюджетінің атқарылуын бағалау нәтижелеріне жеке-жеке тоқталып,
бюджетті атқарудың кейбір проблемалық мәселелерін де атап өтіп, көзделген 558 тікелей нәтиженің 79 бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижеге қол жеткізілмегендігін жеткізді.
Есепті талқылау барысында тікелей нәтижеге қол жеткізе алмаған бюджет әкімгерлері жеке -жеке мінбеге шығып, күтілген нәтижеге қол жеткізбеу себептерін түсіндіріп, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Отырыс барысында депутаттар бюджет әкімгерлеріне игерілмеген қаражаттар, облыстық онкологиялық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, медициналық оқу орнына бөлінетін гранттар, аудандағы аурухана құрылысы, жанар-жағар жеткізу, оператор тасымалдаушылар, субсидия, тиісті қаражатты уақытында бөлу, газтрубина агрегатының мәселесін шешу, қосалқы газ құбыры, электр желілерін беру, мемлекеттік сатып алу, порталдың мәселесі, кредиторлық және дебиторлық берешектер, бугалтерлік есептеуді дұрыс жүргізу, жол құрылысы, жол жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде брифинг өткізу, аудандарда мүгедек жандарды әлеуметтік тапсырыспен жұмысқа орналастыру, «Ақжайық» футбол командасының жұмысын тиімді ұйымдастыру мен қаржыландыру, ауданда спорт кешенінің құрылысын салу, жол көлік оқиғасының көбеюі туралы мәселелерді көтерді.
Бірлескен отырыс соңында облыстық мәслихаттың қаржы, бюджет және аймақтарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы М.Мұқаев 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі бойынша қорытынды беріп, ұсынылып отырған есепті депутаттардың айтқан ескертулері мен ұсыныстарды есепке ала отырып, сессияда бекітуге ұсынуды және бюджет әкімгерлеріне бірнеше тапсырмалар жүктеп, дебиторлық берешектерімен ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыстану керектігін, оған жауапты бірінші басшы екендігін айтып өтіп, отырыста көтерілген мәселелердің салалық тұрақты комиссияларда талқыланатындығын жеткізді.