Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары қатысып, өңір үшін өзекті екі мәселе қаралды.
Күн тәртібінде киік популяциясының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығы жерлерін қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және киік өлекселерін жою жұмыстарын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан шаралар талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарға табиғат қорғау мекемелері, ветеринарлық қызметтер және жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп қатысып жатқаны атап өтілді.
Сала мамандарының мәліметінше, өңірдің оңтүстік аудандарында қалыптасқан эпизоотиялық ахуал шаруалар мен тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Осыған байланысты депутаттар тарапынан мәселені шешуге бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, орталық мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданатыны жеткізілді.
Сонымен қатар, отырыста облыстың өзен-көлдері мен су қоймаларының жағдайы, халықты сумен қамтамасыз ету мәселелері және алдағы жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Өңірдегі су шаруашылығы нысандарының көктемгі тасқын кезеңін штаттық режимде өткізіп жатқаны, сондай-ақ елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасып отырғаны туралы «Қазсушар» ШЖҚ РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсаинов баяндады. Сонымен қатар, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту, каналдарды тазарту, су қоймаларын қалпына келтіру және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері де кеңінен қаралды.
Жиын соңында күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар және алдағы кезеңдегі жұмыстарды үйлестіру мен жүйелі ұйымдастыру қажеттігі назарға алынды.