Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні облыстық мәслихаттың бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес кезекті отырыс өтті. Жиынды комиссия төрағасы Ербол Салықов жүргізді. Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, комиссия мүшелері, облыстық ветеринария басқармасы, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшылары және осы салаға қатысты инспекция басшылары мен мамандары қатысты.
Күн тәртібінде өңір аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды. Отырыс барысында ветеринария саласының қоғамдық денсаулықты сақтау, сондай-ақ биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.
Облыста ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мал ауруларының алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, ветеринариялық профилактикалық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру және тиісті препараттармен қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа ветеринариялық пункттер салу және сала мамандарын қолдау бағытында нақты шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына ықпал етуде.
Жиында жануарлар арасында кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ мал қорымдары мен биологиялық қауіпсіздік нысандарын талапқа сай ұстау мәселелері де көтерілді.
Қорытындылай келе, ветеринария саласын одан әрі дамыту, қауіпсіздік деңгейін арттыру және саладағы өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны атап өтілді.