Жылыту маусымына дайындық барысына мониторинг жүргізілді

Жылыту маусымына дайындық барысына мониторинг жүргізілді
Ағымдағы жылдың 02 қазан күні облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат депутаттары Ербол Салықов, Жасталап Құрманқұлов, Марат Каженов, Тұрарбек Тілемісов және құзыретті мекемелердің қатысуымен облыс бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жасау мақсатында, «Жайықжылуқуат» АҚ объектілеріне көшпелі жиын ұйымдастырылды.
Мониторинг барысында жылу қазандықтарының жұмыс жасау деңгейімен және биыл қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан ТМ-2 жылу магистралімен танысты. Атап өтетін бір мәселе, осы күнге дейін жұмыстардың аяқталмауы жоба авторының жобалау кезіндегі жіберген қателіктерінен орын алып отыр. Дегенмен де, мердігермен 1 апта көлемінде бұл жұмыстарды өз мәресіне жеткізу толығымен келісілген. Тұтынушылар бұл мәселеден ешқандай зардап шекпейді, жылу уақытылы берілетін болады.
Күннің екінші жартысында облыстық мәслихат депутаттары Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясына ат басын тіреді. Электр желілерін тарататын ірі нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынымен танысты. Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала аудандарында және Орал қаласында 110 кВ әуе желісінің тозығы жеткен ескі кабельдерді жаңа желілерге ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның жоспарына сәйкес бұл жұмыстар желтоқсан айында толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, қала ішілік Студенческая -3, Дмитриева, 116, Желтоқсан 12, Назарбаев даңғылы 235, Назарбаев даңғылы 151/1, Ихсанова 87/1, Молдовская 20, Строитель ш/а 41, Строитель ш/а 38, Л.Чайкина 18, Абай даңғылы 104, Назарбаев даңғылы 146/1 мекен – жайларында орналасқан әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жеке тұрғын үй жайларындағы электр тетіктерін жаңалау жұмыстары да жүргізілуде.
Көшпені жиын соңында облыстық мәслихат депутаттары қыс мезгілінде қала тұрғындарын сенімді және үздіксіз электрмен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын.