Теміржол мәселесі бойынша өткен отырыс

Теміржол мәселесі бойынша өткен отырыс
Ағымдағы жылдың 28 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Батыс Қазақстан облысына іс-сапары барысында өңір жұртшылығы, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілген болатын.
Солардың ішінде, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының бұрын таратылған жүк тасымалы бөлімшесін және Орал магистралдық желі бөлімшесін қайта ашу мәселесіне ерекше назар аударылған болатын.
Осы орайда, бүгін облыс әкімдігінің кіші залында бейне бақылау байланыс арқылы ҚР Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік Комитетінде, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, комитет мүшесі Ляззат Рысбекованың төрағалығымен, облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Каюповтың және облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Ербол Салықовтың, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі; «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері мен жауапты мамандардың қатысуымен отырыс өткізілді.
«Батыс Қазақстан облысы еліміздің батыс қақпасы болып саналады. Облыс орталығы Орал қаласында ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы бар.
1974 жылдан бастап Ақтөбе жол басқармасының Орал бөлімшесінің базасында Орал жол бөлімшесі жұмыс істей бастады. 2020 жылдың қаңтарында «КТЖ - Жүк тасымалы» АҚ-ның филиалдарын қайта құрылуына байланысты Орал жүк тасымал бөлімшесі жабылып, Ақтөбе жүк тасымал бөлімшесінің құрамына еніп, «КТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалы болды. 2024 жылдан бастап қайта тіркелуіне байланысты атау «Ақтөбе жүк тасымал бөлімшесі» болып өзгертілді. Атап өту керек, Қазақстан бойынша тек қана біздің облыста жүк тасымал бөлімшесі жабылған. Қазіргі таңда Орал қаласында жұмыс істеп жатқан 1600 қызметкер мен 200 техника бірлігінің салық түріндегі барлық қаражаты Ақтөбе облысына түседі. Сондай-ақ кейбір құжаттарды келісу үшін Ақтөбе қаласындағы жол бөлімшесіне жүгінуге тура келеді, бұл қарапайым азаматтарға, шағын және ірі бизнес өкілдеріне де қолайсыздық туғызуда.
Сондықтан, жұмыс процестерін жылдамдату үшін бұрын таратылған Жүк бөлімшесі мен Орал магистралдық желісін қайта ашуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз»- деді халық атынан келіп, сөз алған ардагерлер алқасының төрағасы Берген Мақсот. Осы аталған мәселені Сенат Төрағасының іс сапары кезінде де көтеріп, тікелей өзіне айтылған еді.
Басқосуда қатысушылардың дені осы орайда өз ойларын білдіріп, жақын күндері саяси шешімін табады дегенге сенімдерін білдірді.
Сенат төріне жиналған мамандар аталмыш мәселенің алдағы уақытта Көлік министрлігі тарапынан әлі де талқыланып, келіссөздер жүргізілетіндігі жөнінде айтылды.