Аудандық мәслихат депутаттары халық алдында есеп берді

Аудандық мәслихат депутаттары халық алдында есеп берді

Аудандық мәслихат депутаттары халық алдында есеп берді

       

        Аудандық мәслихат депутаттары жыл сайынғы есеп беру кездесуі аясында халық алдында өз қызметі мен тұрақты комиссиялардың жұмысын баяндады. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 8-бабының 1-1 тармағына сәйкес ұйымдастырылды, онда мәслихаттарға жылына кемінде бір рет халық алдында есеп беруге міндеттеме жүктелген.

        Осыған орай, Б.Момышұлы ауылы және 13 ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарынан барлығы 97 сұрақ түсті. Оның ішінде 36 сұраққа жиналыс кезінде дереу жауап берілді. Ал қалған 61 мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданды.

        Кездесу барысында депутаттар өткен кезеңдегі атқарылған жұмыстарын, қабылданған шешімдер мен атқарылған жобаларды таныстырды. Сонымен қатар, тұрақты комиссиялардың жұмысы туралы толық ақпарат берілді, қоғамдық маңызы бар мәселелер мен олардың шешімін табу жолдары талқыланды.

        Мәслихат депутатының негізгі міндеті – жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі халықтың еркін білдіру екенін еске салсақ, бұл есеп беру кездесуі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын білдірді, ал депутаттар нақты жауаптар беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті.

        Аудандық мәслихат депутаттарының жыл сайынғы есеп беру кездесулері тұрғындар мен жергілікті өкілді билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.

 

ЖУАЛЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫ АППАРАТЫ