
2025 жылдың 3 қарашасында Жезқазған қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сабыржан Тембаевтың бастамасымен Талап елді мекенінің тұрғындарымен көшпелі отырыс өтті.
Жиынға Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова, Талап ауылдық округінің әкімі Қайрат Бапанов, Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Маруа Келмағанбетова және қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мұрат Сейтқазинов қатысты.
Іс-шара басталмас бұрын қатысушылар ауылда атқарылған жұмыстармен танысып, мектеп пен әкімшілік ғимараттарындағы газбен жылыту жүйесінің жұмысын көрді.
Кездесу барысында ауыл әкімі Ұлытау облысы, Жезқазған қаласына қарасты Талап ауылдық округін дамыту бағдарламасымен таныстырып, ауылдың инфрақұрылымдық жағдайы мен жоспарланған инвестициялық жобалар туралы баяндады.
Сонымен қатар жиын кезінде ауыл тұрғындары мен әкім тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, 1000 текшелік су резервуарын тазалау, тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде шығару, газ желісін күтіп ұстауға келісімшарт жасау, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу және жолдардың жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауаптарын алды.