
Жыл сайын 9 маусым күні Германия Демократиялық Республикасында (ГДР) Германиядағы Кеңес әскерлері тобының (ГКӘТ) құрамында әскери қызмет өткерген азаматтар осы күнді атап өтеді.
Облыс орталығы – Көкшетау қаласында 2021 жылдан бері «Германиядағы Кеңес әскерлері тобының, Батыс әскерлер тобының (ГКОӘТ, ГКӘТ, БӘТ) және Варшава шарты елдері ардагерлерінің Ақмола облыстық қоғамдық бірлестігі» жұмыс істейді. Бүгінде бұл ұйым 400-ден астам ардагердің басын қосып отыр.
Өткен жылдың қараша айының басында ауданымызда «Германиядағы Кеңес әскерлері тобының, Батыс әскерлер тобының және Варшава шарты елдері ардагерлерінің Жарқайың аудандық филиалы» ашылды. Біздің аудан осы қоғамдық бірлестіктің филиалы ашылған алғашқы аудан болды.
Қазіргі уақытта филиал өз жарғысына сәйкес Германияда ғана емес, сондай-ақ Польшада, Чехословакияда және Венгрияда әскери қызмет өткерген ардагерлерді де біріктіреді.
Тарихтан қысқаша мәлімет. Германиядағы Кеңес оккупациялық әскерлер тобы (ГКОӘТ) 1945 жылғы 9 маусымда КСРО мен антигитлерлік коалицияның Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінен және Германияның сөзсіз тізе бүгуінен кейін құрылды. Топ құрамына 1-Беларусь, 2-Беларусь және 1-Украина майдандарының әскерлері енгізілді. Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков ГКОӘТ -тың алғашқы Бас қолбасшысы болып тағайындалды.
Әскерлер тобы кеңестік оккупациялық аймақтың шекарасын күзетуге тартылып, Германиядағы фашистік режим мен милитаризмнің салдарын жоюға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты.
Соғыстан кейінгі демобилизация нәтижесінде топтың жеке құрамы 1949 жылға қарай шамамен үш миллион адамға жетті, ал 1980-жылдары оның саны 500 мыңнан асты.
1954 жылы бақылау-қадағалау қызметтері тоқтатылғаннан кейін ГКОӘТ Германиядағы Кеңес әскерлері тобы (ГКӘТ) деп атала бастады. Топтың негізгі міндеті КСРО-ның батыс шекараларын сыртқы қауіп-қатерлерден қорғау және кез келген қарсыласқа тойтарыс беру болды.
Бұл әскерлер ең озық әрі заманауи әскери техникамен, сондай-ақ ядролық қарумен жабдықталды.
1989 жылы бұл жедел-стратегиялық бірлестік Батыс әскерлер тобы (БӘТ) болып қайта аталды. Осы кезде оның құрамындағы бірқатар бөлімдер таратылып, әскерлер құрамынан шығарылды.
1989 жылғы қарашада ГДР мен ГФР-дың бірігу үдерісі қарқынды түрде дами бастады. Ал 1990 жылы Германияға қатысты түпкілікті реттеу туралы шарт негізінде, оған ГФР, ГДР, КСРО, АҚШ, Франция және Ұлыбританияның сыртқы істер министрліктері қол қойғаннан кейін, кеңес әскерлерін Германия аумағынан кезең-кезеңімен шығару жұмыстары басталды.
ГКӘТ құрамында мыңдаған қазақстандықтар әскери қызмет атқарды. Олар үшін бұл қызмет өмірлеріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Қанша жыл өтсе де, олар армиядағы жылдарын және қарулас достарын әрдайым сағынышпен әрі жылы сезіммен еске алады.
Олар сол бір тамаша кезеңді өз жадында сақтап қана қоймай, оның ерекшелігін өскелең ұрпаққа жеткізуді де мақсат етеді. ГКӘТ әлемдегі теңдесі жоқ кеңестік әскерлердің ең ірі әскери бірлестігі болды. Оның құрылымы бүгінгі күнге дейін әлемде баламасы жоқ жүйе ретінде бағаланады, ал ГКӘТ -ның жауынгерлік жолы қызықты әрі тағылымды тарихқа толы.
Әрине, бұл элиталық әскери құраманың қатарына тек дене дайындығы жоғары жастар ғана емес, сонымен қатар ең лайықты, тәртіпті және отансүйгіш жас азаматтар шақырылды. Арада қанша жыл өтсе де, осы әскерлердің ардагерлері жауынгерлік рухын сақтап, Отанға қызмет етуге деген құлшынысын жоғалтқан жоқ.
Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаттары мен міндеттері – ең алдымен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу.
Ардагерлер жастарға армияның мемлекет өміріндегі рөлін түсіндіру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі әскери қызметтің маңыздылығы мен беделін арттыру, сондай-ақ жасөспірімдердің бойына әскери қызмет әрбір азаматтың қасиетті борышы деген ұғымды сіңіру өте маңызды деп санайды.
Бірлестік мүшелері өздерінің өмірлік тәжірибесі арқылы жастарға армияның үлкен өмір мектебі екенін көрсете алады. Әскер қатарында қызмет ету тек қару қолдануды үйретіп қана қоймай, мамандық игеруге мүмкіндік береді, адамды шынықтырады, жауапкершілікке тәрбиелейді және оны нағыз азамат ретінде қалыптастырады.
Осы күні аудандық мәслихатта ардагерлер бас қосып, қоғамдық бірлестіктің жартыжылдық қызметінің қорытындыларын шығарды және алдағы кезеңге арналған жоспарларын белгіледі.
Одан кейін ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Польшада әскери қызмет атқарған Шварнёв С.Ф.-қа жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіне белсенді қатысқаны үшін Солтүстік әскерлер тобының (СГВ) ардагері куәлігі мен медалі табысталды.
Ал Германияда әскери қызмет өткерген Рахметов Ж.С. ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласқаны үшін облыстық қоғамдық бірлестіктің естелік медалімен марапатталды.
Бұдан кейін ардагерлер Державин қаласының орталық саябағындағы Жеңіс обелискісі мен интернационалист жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Осы іс-шараға белсене қатысқан барлық ардагерлерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмысбастылығына қарамастан ардагерлерді құттықтап, гүл қою рәсіміне қатысқан Державин қаласының әкімі Смағұлов З.Д.-на ерекше ризашылығымды білдіремін.
Баршаңызға амандық, бейбіт өмір және бақ-береке тілеймін!
Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов