
5 маусым күні Есіл қаласында аудандық мәслихаттар арасында спорт түрлерінен жарыстар өтті. Жарысқа Атбасар, Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандарының командалары қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін бірден спорттың төрт түрі бойынша жарыстар басталды. Алдымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері және мәслихат аппараттарының қызметкерлері волейболдан сынға түсті. Командалар құрамында алаңға 4 ер адам және 2 әйел ойыншыдан шықты. Бұл спорт түрінде біздің ауданның командасы барлық кездесулерде жеңіске жетіп, чемпион атанды. Екінші орынды жарыс қожайындары – есілдіктер иеленсе, үшінші орын Жақсы ауданының командасына бұйырды.
Одан кейін футзал жарыстары өтті. Нәтижесінде Есіл ауданының командасы жеңімпаз атанды. Атбасар ауданының командасы екінші орынға ие болса, Жарқайың ауданы үшінші орынға тұрақтады.
Келесі кезекте дойбы жарыстары өтті. Бұл сайыста біздің командаға тең келер қарсылас болмады, нәтижесінде бірінші орынды иелендік. Ал үстел теннисінен біздің команда тек жарыс қожайындары – есілдіктерге ғана есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты.
Жалпыкомандалық есепте Есіл ауданының командасы 12 ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздан бір ғана ұпай қалып қойған Жарқайың ауданының ұйымшыл командасы 11 ұпаймен екінші орынға ие болды. Үшінші орынды 5 ұпай жинаған Жақсы ауданының командасы иеленді. Төртінші орын Атбасар ауданының командасына бұйырды.
Барлық қатысушылар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және медальдармен марапатталды. Ал жалпыкомандалық есеп бойынша командалар кубоктармен және жарысты ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жалпы алғанда, жарыс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Есіл ауданының қатысушыларға көрсеткен қонақжайлылығы үшін қатысушылар көптеген жылы лебіздерін білдірді. Бұл жарыстар дәстүрге айналып келеді. Екі жыл бұрын біз жарысты өткізу эстафетасын Есіл ауданына тапсырған болатынбыз. Бұл жолы жарыс қожайындары эстафетаны Жақсы ауданына табыстады.
Осындай шаралар көршілес аудандардағы әріптестермен жақынырақ танысуға, жұмыс мәселелерін бейресми жағдайда талқылауға және спорт арқылы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.