
Ағымдағы жылдың 4 ақпанында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Д. Шакировтің жетекшілігімен құрамында Г. Егизбаев мен Т. Сайфуллина бар жұмыс тобы, аудандық мәслихат төрағасы А. Әлжанов, Державин қаласының әкімі З. Смағұлов, қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі басшысы М. Камиев және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп, «Державин қаласындағы көшелік жарықтандырудың жай-күйі және кешкі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету» мәселесі бойынша көшпелі мониторинг жүргізді.
Қазіргі таңда көшелік жарықтандыру жол қозғалысы қауіпсіздігіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың өмір сүру жайлылығына тікелей әсер ететін қалалық инфрақұрылымның маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Мониторинг барысында қалада 461 көшелік жарықтандыру тірегі жұмыс істейтіні, ал қаланың шамамен үштен екі бөлігі жарықпен қамтылғаны атап өтілді. Ең алдымен орталық көшелер, әлеуметтік маңызы бар нысандар, сондай-ақ көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы көп учаскелер жарықтандырылған.
2025 жылы көшелік жарықтандыру жүйесін жаңғырту және күтіп ұстау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды: 118 жарық шамы мен 132 лампа ауыстырылды, №110 КТП кешенді трансформаторлық қосалқы станциясына жөндеу жүргізілді, Набережная көшесі мен ДСУ-71 кентінде көшелік жарық орнатылды.
Сонымен қатар Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар мәселелерді де анықтады. Қалалық әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кейбір көшелер әлі де жарықтандырылмаған. Атап айтқанда, Майкөтов, Станционный, Юбилейный, Ишимский, Вокзальный көшелері, сондай-ақ Элеваторный және Целинный тұйық көшелері жарықсыз қалып отыр. Сонымен бірге вокзал маңындағы алаңға ерекше назар аудару қажет, мұнда жарықтандыру жоқ, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сыртқы бейнебақылау камераларын орнату қажеттілігі бар.
Мониторинг барысында бірқатар көшелерде жол белгілері мен көрсеткіштерді түзетіп, нормативтік талаптарға сәйкестендіру қажет екені анықталды. Бұл мәселе, әсіресе, қараңғы уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Аталған мәселелердің негізгі себебі – жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі. Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін қалалық әкімдік ескірген жарық шамдарын заманауи, энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстыруға арналған сметалық құжаттаманы әзірлеп, облыстық бюджетке өтінімдер жолдады. Сондай-ақ жарықпен қамтылмаған көшелерді жарықтандыру және энергия тиімді технологияларды қолдана отырып, көшелік жарықтандыру желісін кеңейту мәселесі пысықталуда.
Мониторинг қорытындысы бойынша қаладағы көшелік жарықтандырудың жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, қолданыстағы желіні жаңғырту мен күтіп ұстау бағытында оң динамика бар екені атап өтілді. Сонымен бірге жол инфрақұрылымын ретке келтіру мәселесі әлі де өзекті болып қала береді және ол қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен тығыз байланысты.