
3 наурыз күні Жаңасемей ауданында республикалық референдумды қолдау жөніндегі ақпараттық науқан аясында Достық ауылдық округіне қарасты Шақаман ауылында маңызды жүздесулер ұйымдастырылды.
Коалиция мүшелері — Сымбат Болатқызы Туканова мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлбану Сағатқызы Смағұлова ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен ашық диалог жүргізді. Кездесу басты екі нысанда — Шақаман жалпы орта білім беретін мектебінде және «Евразия Агро Семей» ЖШС-де өтті.
Жиын барысында конституциялық реформалардың мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды. Коалиция өкілдері жаңа өзгерістердегі әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, сөз бостандығын қорғау және құқықтық режимдерді жетілдіру мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Бұл референдум — әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей араласуына берілген зор мүмкіндік. Біз ұсынған өзгерістер әділетті қоғам мен қуатты мемлекет құрудың іргетасы болмақ», — деп атап өтті Күлбану Сағатқызы.
Ауыл еңбеккерлері мен ұстаздар қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ел болашағы үшін маңызды қадамға біркісідей қолдау көрсететіндіктерін білдірді.